Петропавлда салынып жатқан көпсалалы аурухана «сақалды құрылысқа» айналмайды

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобаның бірі – көпсалалы облыстық аурухананың құрылысы күз айында қайта жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Петропавлдағы құрылыс нысандарын аралап, ондағы мәселелердің қалай шешімін тауып жатқанын тілшілерге айтып берді. Сондай құрылыстардың бірі – облыс орталығында салына бастаған көпсалалы аурухана. Түрік инвесторлары 2019 жылы әлеуметтік нысанның құрылысын бастаған еді. Биылғы жылдың аяғында тапсырылуы тиіс болған аурухана құрылысы белгісіз мерзімге тоқтатылған.

«Денсаулық сақтау министрлігі қазір мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін жетілдіріп жатыр. Сондықтан бұл нысан «сақалды құрылысқа» айналады деп қорқудың қажеті жоқ. Біз оны міндетті түрде салып, пайдалануға береміз. Министр барлық жоспардың іске асырылатынын тағы да растады. Сондықтан бұл нысан салынбай қалады деп қорқудың қажеті жоқ. Петропавл, Түркістан және Нұр-Сұлтан қалаларында салына бастаған үш аурухана құрылысы да аяқталады. Күзге қарай құрылыс қайта басталады деп үміттенеміз», - деді СҚО әкімі.

Бұдан басқа «Береке» және «Жас Өркен» шағын аудандарындағы емханаларды пайдалануға беру мерзімдері де кешіктіріліп жатыр. «Жас Өркен» ықшам ауданындағы емхананың құрылысын «Альфа Север» ЖШС өткен жылдың қараша айында бастаған. Жоба құны – 2 млрд теңгеден асады. Қазір емдеу мекемесінің қабырғасы көтерілген, монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңында тапсырылуы тиіс нысанда осы уақытқа дейін жұмыстың 30 % ғана атқарылған. Компания директоры Андрей Капустиннің айтуынша, ескі үйлерді бұзып, құрылыс алаңын дайындауда біраз қиыншылық болған. Сондықтан жұмыс белгіленген мерзімнен кеш басталды.

Өңір басшысының сөзінше, «Жас Өркен», «Береке» емханасы да салынып, пайдалануға беріледі. Мердігермен мәселе бар. Бірақ ол сот арқылы шешімін таппақ.

Бұған дейін СҚО әкімі Петропавлдағы жылу-электр орталығында жартылай құлаған мұржаға қатысты жұмыстар туралы айтқан еді.



Соңғы жаңалықтар