Петропавлда рұқсат етілмеген жерде сауда жасаушыларды жазалап жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда белгіленбеген жерде сауда жасаудың 495 дерегі тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, тәртіп сақшылары рұқсат етілмеген жерде сауда-саттықпен айналысушыларды жиі анықтайды.

«Әдетте біз талапты бұзғандарды ескертеміз. Өйткені негізгі жұмысымыз алдын алуға бағытталған. Қызметкерлеріміз тұрғындарға өз өнімдерін тек арнайы бөлінген жерлерде ғана сатуға болатынын түсіндіреді», - дейді қалалық Полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұржан Қожағұлов.

Соңғы екі күнде полицейлер Петропавлда ретсіз сауда жасаудың 6 фактісін анықтады. Бұған дейін бірнеше рет ескертілгендіктен, олардың барлығына айыппұл салынды.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, Пушкин және Бөкетов көшелерінің қиылысында жеміс-жидек сатып тұрған облыс орталығының 20 және 23 жастағы екі тұрғыны бұған дейін де ҚР Әкімшілік кодексінің «Белгіленбеген орындарда сауда жасау» 204-бабы бойынша жазаға тартылған екен.

Сауда жасауға болатын жерлерді жергілікті әкімдіктер белгілейді. Петропавл қаласында осындай 10 орын бар.

Полицейлердің айтуынша, түсіндіру жұмыстары өз нәтижелерін беруде. Өткен жылмен салыстырғанда ҚР ӘКБтК 204 бабы бойынша заңбұзушылықтар екі есе азайған. Былтыр бес айдың ішінде 948 факті тіркелсе, биыл осы аралықта 495 дерек анықталған. Облыс бойынша да көрсеткіш 1116-дан 661-ге дейін азайған.

Соңғы жаңалықтар