USD 436.29 EUR 492.83
RUB 5.92 CNY 68.48
Jańalyqtar

Петропавлда «Ринг патшасы-2021» атты халықаралық дәстүрлі сайыс өтті

2021 жылғы 31 тамыз 20:24
Бөлісіңіз:
Петропавлда «Ринг патшасы-2021» атты халықаралық дәстүрлі сайыс өтті

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 35 жастан асқан ардагер спортшылар арасында бокстан халықаралық «Ринг патшасы-2021» дәстүрлі турнирі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұқсас жаңалықтар

Солтүстік Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда А.Винокуров Спорт сарайында өткен «Ринг патшасы-2021» турнирі ҚР Конституциясы күніне және ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.

Финалдық кезеңге Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау, Павлодар, Петропавл, сондай-ақ Омбы (Ресей Федерациясы) және Бішкек (Қырғызстан) қалаларынан 25 боксшы өтті.

Дәстүр бойынша «Ринг патшасының» ақтық жекпе-жегі әсерлі өтті. КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, 1983 жылы Әлем Кубогының күміс жүлдегері, 1983 жылы Еуропа чемпионы, КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы, 61 жастағы Серік Нұрқазов және қырғыз ұлтының бокс ардагері, 57 жастағы Абдулахат Турды-оглы қатысқан жекпе-жек көрерменді тәнті етті. Серік Төкенұлы бұрынғы жылдары турнирге құрметті қонақ ретінде қатысқан, ал биыл рингке шығып, бокс жанкүйерлерін қуантты. Абдулахат Турды-оглы да жарыстың тұрақты қатысушысы. Екі боксшы да өздерінің керемет дайындығы мен техникасын көрсете білді.

63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ҚР спорт шебері, ҚР 2005 жылғы чемпионы, студенттер арасындағы 2006 жылғы әлем чемпионы, көкшетаулық Андрей Спиридоновпен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның үш дүркін чемпионы, әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионы, Әлем кубогының жүлдегері, Афинадағы Олимпиада ойындарының қатысушысы, Нұр-Сұлтан қаласынан келген Миржан Рахымжанов ақтық жекпе-жекте кездесіп, жеңіске жетті. Қола медальді Нұр-Сұлтан қаласынан келген Халиолла Бегенов жеңіп алды.

69 келіге дейінгі салмақта алтын медаль мен «Ринг патшасы – 2021» белдігін халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ақтық сайыста солтүстікқазақстандық Мақсат Әбілбошаровты жеңген ресейлік Зинат Жандыбаев иеленді. «Қола» бұл салмақта Нұр-Сұлтан қаласынан келген Жеңіс Нұрғожинге бұйырды. Тағы бір астаналық боксшы Нұрлан Мұсабаев 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде «қола» жеңіп алды, ал осы салмақтағы «ринг патшасы» болып, турнир тарихында үшінші рет жерлесі Василий Куликовты жеңіп алған қарағандылық Қуаныш Исембаев танылды.

Олардың командаласы Тимур Байсеркеев 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде турнирдің жеңімпазы атанды. «Күміс» солтүстікқазақстандық Асылбек Кокушевте, ал «қоланы» алматылық Ерлан Әмірханов алды.

Ауыр салмақтағы (91 келіден астам) ең тартысты жекпе-жекте алматылық Аслан Тәжі жеңіске жетті. Ардагерлер арасындағы турнирдің бірнеше мәрте қатысушысы, қарағандылық Владимир Мальцев күміс медальға ие болды. Павлодарлық Әскербек Мұстафин «қола» жүлдені иеленді.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Ақерке Дәуренбекқызы

Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059

MURAǴAT