Петропавлда психикалық дерті бар әйел бес күннен бері табылмай жатыр

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда Дина Исқақжанқызы Әріпжановаға іздеу жарияланды. Дерті бар әйел үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір волонтерлері хабарсыз кеткен 48 жастағы Дина Әріпжанова жайында ақпарды әлеуметтік желіде жариялады. Олардың айтуларынша, психикалық дерті бар әйел 14 мамыр күні сағат 13.00 кезінде Петропавлдағы М.Жұмабаев көшесіндегі үйінен шығып кеткен.

Бойы 155 см, арықша келген, көк көзді, қысқа сарғылт шашты. Сол жақ шекесінде тыртығы бар. Сондай-ақ қарнында аппендицитке жасалған отадан қалған тыртық болуы тиіс.

Үйден спорттық костюммен шығып кеткен.

Әйелді көргендер, жүрген жерін білетіндер 8-926-626-6434, +77773079965 немесе 102 телефон нөміріне хабарласа алады.

Ал екі аптадан артық іздеуде болған Петропавлдың 34 жастағы тұрғыны Ирина Искакова аман-есен табылып, туғандарымен қауышты. Келіншек 29 сәуір күні кешкілік үйінен шығып, хабарсыз кеткен еді.

Бұған дейін іздеу жарияланған Қызылжар ауданы Чапаев елді мекенінің тұрғыны Нариман Нұрсейітов әлі күнге табылған жоқ. 49 жастағы ер адам 26 наурыз күні үйінен шығып, Петропавлға жол тартқан. Содан бері хабарсыз.


Соңғы жаңалықтар