Петропавлда пойыз кестесі жергілікті уақытпен белгіленетін болды

None
None
ПЕТРОПАВЛОВ. ҚазАқпарат - 1 тамыздан бастап «Российские железные дороги» ААҚ-ның барлық вокзалдарында пойыздың келу және кету уақыттары жергілікті уақытпен көрсетілетін болды. Бұл жаңалық Петропавл теміржол вокзалына да қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жолаушыларға көрсетілетін қызметтің сапасын жақсартуға бағытталған өзгертістер жөнінде «РЖД» холдингі (Ресей темір жолдары-авт.) сайтында жария етті.

«Енді пойыздардың келу және кету уақыттары жергілікті уақытпен электронды таблода, платформа көрсеткіші мен вокзал сағаттарында көрсетіліп, сондай-ақ дауыс зорайтқыштар арқылы хабарланады. Бұған дейін ол Мәскеу уақытымен көрсетіліп келген.

Бұл өзгеріс 2018 жылдың 1 тамызынан бастап күшіне енеді. Қазіргі уақытта «РЖД» ААҚ қолданыстағы ақпараттық жүйені өзгерту жөнінде техникалық жұмыстарды жүргізуде», - делінген хабарламада.

Ақпаратты Петропавл теміржол вокзалы да растады.

Петропавл теміржол стансасы «РЖД» ААҚ-ның Оңтүстік Орал теміржол желісіне қарайды. Бұған дейін станса берген билетте келу және кету уақыттары Мәскеу уақытымен көрсетіліп келді. 

Автор: Олеся Жуковень

Соңғы жаңалықтар