Петропавлда полицейлерге арналған тұрғын үй салынды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев Петропавлда полиция қызметкерлеріне арналған жаңа 75 пәтерлі тұрғын үйге барды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, көпқабатты тұрғын үй «Қазақстанның тұрғын құрылыс жинақ банкі» арқылы мемлекеттік бағдарламамен салынды. Желтоқсан айында тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жұмыс сапарының барысында Е.Тұрғымбаев жергілікті бірнеше полиция бөлімшесінде болып, жаңа технологияларды пайдалану жайына қанықты.

Солтүстік Қазақстан полициясы кезең-кезеңмен сервистік модельге өтіп жатыр. Бөлімшелерде тұрғындармен жұмыс істеудің жаңа форматы енгізіле бастаған. Петропавл қалалық полиция басқармасында күшейтілген рұқсат беру режімі қолданыстан шығарылып, заманауи талаптарға сай фронт-кеңсе ашылды. Министрдің орынбасарына жаңа қызмет көрсетудің артықшылықтары таныстырылды.

Петропавлда барлық 13 полиция бекетіндегі мониторлардан қала көшелері, аулалары және басқа да қоғамдық орындарды арнайы орналастырылған камералар арқылы бақылауға болады. Е.Тұрғымбаевқа осы видеоны планшет арқылы көрсететін техникалық мүмкіндік таныстырылды.

Жол-патрульдік полицияның 25 экипажы Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілім жүйесінде жедел жұмыс істеуге мүмкіндік беретін планшеттермен жабдықталған.

Ерлан Тұрғымбаев Қазақстан мен Ресей XV өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз еткен полиция қызметкерлерінің жұмысын жоғары бағалады.

Соңғы жаңалықтар