Петропавлда полицей суға батып бара жатқан екі адамды құтқарып қалды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда тәртіп сақшысы Есіл өзенінде суға батып бара жатқан екі адамды құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мамыр айының соңында бірінші полиция бөлімі кезекшісінің көмекшісі Мейірман Төлебаев жұмыстан бос уақытта Есіл өзені жақта демалып жүрген. Бір кезде адамдардың көмекке шақырған даусын естиді. Оқиға орнына жеткен аға сержант жағадан 20 метрдей жерде адамдар суға батып бара жатқанын байқайды. Ол алдымен жас қызды, одан соң ес-түссіз ер адамды алып шыққан, жағаға жақындай бергенде оған таныс қыз көмектескен. Мейірман ер адамға жасанды демалу және жүрегіне массаж жасаған.


Алғашқы медициналық көмек көрсеткеннен кейін жағдай біршама жақсарды.

«Менің ұлымның жағдайы өте ауыр болды. Дәрігерлер ауыр халде жансақтау бөліміне жеткізді. Полицей көмектеспегенде баламнан айырылар едім», - дейді зардап шеккен ер

адамның анасы Галина Қарымсақова.

«Жаға терең жар, лайлы жер, аяқпен тірелуге қиын болды. Мен көп ойланбай, суға секірдім», - дейді Мейірман.

Суға бата жаздаған солтүстікқазақстандықтың туыстары облыстық полиция басшылығының атына алғыс білдіріп хабарласты.

Петропавл қалалық полиция басқармасы бірінші полиция бөлімі кезекшісінің көмекшісі Мейірман Төлебаев ішкі істер органдарында 5 жылға жуық қызмет етеді. 24 жастағы полицейдің батыл әрекеті әріптестеріне үлгі.


Соңғы жаңалықтар