Петропавлда отбасының берекесін алған 61 адам жазаға тартылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ» атты республикалық акция өтіп, шаңырақтың шырқын бұзған 61 адам жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, акцияның мақсаты - әйелдер құқығының сақталуын қадағалап, ана мен баланы қорғау. Үш күнге жалғасқан іс-шара барысында жағдайы нашар қолайсыз отбасы ретінде есепте тұрған, бұған дейін мастықтың салдарынан туындаған жанжалға байланысты шақырту болған 145 үйге рейд жасалды.

«Үйдегі зорлық-зомбылықты шыдап керек емес. Жағдай барған сайын қиындай түсуі мүмкін. Әйелдердің көпшілігі полицияға күйеуінің үстінен арызданса жағдай ушығып, айырылысып кететіндей көрінеді. Бірақ олай емес. Керісінше, мамандардың араласуынан кейін, білікті көмек көрсетілген соң отбасыдағы ахуал жақсарып жатады», - дейді Петропавл полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлібек Ғабдулин.

Сондықтан үй-үйді аралаудағы басты мақсат - ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Әйелдермен сөйлесу барысында тәртіп сақшылары оларға арнайы қызметтердің телефон нөмірін береді. Мәселен, 52-98-86 нөмірінде отырған әйелдерді қолдау орталығына хабарласу арқылы заңды және психологиялық көмек алуға болады екен.

Акция аясында 57 адамға қорғау нұсқамасы беріліп, төртеуінің жүріс-тұрысына ерекше талаптар қойылды. Сондай-ақ полицейлер жазғы лагерьлерде балалармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Өйткені мамандардың айтуынша, шаңырақтағы жанжалдан ең көп зардап шегетіндер - балалар.

Соңғы жаңалықтар