Петропавлда отбасы шырқын бұзған 350-ден астам адам есепте тұр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда үйінде төбелес шығарып, отбасының шырқын бұзатын 350-ден астам адамды полицейлер есепке алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдың 38 жастағы тұрғыны араққа сылқия тойып, үйдегі анасы мен әжесіне озбырлық жасаған. Жанжалдан шаршаған отбасы мүшелеріне Әйелдерді қолдау орталығын паналауға тура келді. Бұрын ер адам балағаттап, ұрып-соққаны, басқа да құқық бұзушылықтар жасағаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Әйелдерді қорғау жөніндегі топтың қызметкерлері онымен алдын алу жұмыстарын да жүргізген. Алайда нәтиже болмаған. Кезекті жанжалдан кейін оның анасы мен әжесі учаскелік полиция инспекторларынан көмек сұрады. Сот ер адамды 10 тәулікке қамауға алуға үкім шығарды. Сонымен қатар, оның жүріс-тұрысына, мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленді. Оны бұзған жағдайда қосымша жауапкершілік қарастырылады.

«Орталық мамандары отбасылық зорлық-зомбылық құрбандарына кез келген уақытта психологиялық және құқықтық көмек көрсетуге әзір. Жергілікті полиция қызметі бөліністері аталған фактілердің алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Әйелдерге айтарымыз, мұндайда үндемей қалмау керек, мәселе өздігінен шешіледі деп ойлау қате. Кеңес беретін және практикалық көмек көрсететін полицейлерге не мамандарға жүгініңіздер», -дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Әлібек Ғабдуллин.

Бүгінгі күні Петропавл полициясында отбасылық-тұрмыстық қатынас саласында құқыққа қайшы іс-әрекеттер жасаған 353 адам профилактикалық есепте тұр. Оның 294-не қорғаныс ұйғарымы шығарылды, сотпен 59-на қатысты ерекше талаптар белгіленді.


Соңғы жаңалықтар