Петропавлда «Отбасы кабинеті» жұмыс істейді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Ажырасуларды азайту мақсатында Петропавл қаласында «Отбасы кабинеті» жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2 апта ішінде «Отбасы кабинетіне» 26 ерлі-зайыпты көмек сұрап келген. Отбасының ынтымақ-бірлігін сақтауға көмектесуді мақсат еткен маман олармен бір ай жұмыс істейді. Кабинетте психологпен еркін сөйлесуі үшін жайлы орын және балаларға арналған ойын алаңы қарастырылған.

«Мұндай кабинетті ашудағы басты мақсат - өңірімізде шаңырағы шайқалуға шақ тұрған отбасыларға көмектесу. Оларды татуластырып, шаңырақты сақтап қалуымыз керек. Облыста жылдың басынан 193 өтініш түсті. Оның 150-і қаралып, сот шешімі бойынша 116 отбасы, өкінішке орай, ажырасты. 45-і татуласты. Қалғандарының арыздары әлі қаралуда», - дейді Петропавл №2-ші қалалық сотының төрағасы Динара Байзақова.

Мамандардың айтуынша, отбасындағы зорлық-зомбылық, материалдық мәселе шаңырақтың шайқалуына әкеледі. Сондай-ақ ажырасатындардың басым бөлігі 8-15 жыл отау құрған орта жастағы жұптар.

СҚО статистика департаментінің мәліметінше, былтыр өңірде 3 605 жұп шаңырақ құрса, 2107 отбасы ажырасып кеткен. Өкінішке орай үйленетіндердің саны 2017 жылмен салыстырғанда 5,9% азайып, ажырасу 5% көбейіп отыр.

«Отбасылық сот» жобасы аясында «Отбасы кабинеті» еліміздің барлық облыстарында ашылады деп жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар