Петропавлда өрттен төрт адам құтқарылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда өткен тәулікте құтқарушылар 13 рет шақыртуға шығып, өрттен төрт адамды құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда 101 қызметіне 13 рет шақырту түскен. Оның ішінде үшеуі тұрмыстық өртке қатысты, 8 жағдайда жану және 2 жағдайда құтқарушылардың көмегі керек болған.

16 қараша күні сағат 18.42 минут кеткенде Петропавлдағы Назарбаев көшесіндегі 234 -үйде өрт шыққандығы туралы хабар түседі. Бес қабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы өрттен арнайы саты арқылы 3 адам құтқарылып, тағы 15 тұрғын, соның ішінде 3 бала қауіпсіз жерге шығарылды. Оқиыс оқиғадан ешкім зардап шекпеген. Өрттің шығуына тамақты газ плитасында бақылаусыз қалдыру себеп болған.

Сағат 15.07-те Ж.Жабаев көшесіндегі 177-үйде жылу коллекторында өрт шыққандығы туралы хабар түскен. Өрт сөндірушілер тұрақты мекенжайы жоқ адамды алып шығып, құтқарып қалды. Тұрмыстық қалдықтар жанған. Өрт 20 минуттың ішінде толық сөндірілді.

Осы күні Петропавлда тағы екі апаттық-құтқару жұмыстары жүргізіліп, құтқарушылар тұрғындардың абайсызда жабылып қалған пәтерге кіреберіс есікті ашып берді.


Соңғы жаңалықтар