Петропавлда өртенген тұрғын үйден 8 газ баллоны шығарылды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда жеке тұрғын үй өртеніп, өрт сөндірушілер жалынның жеке секторға таралуына жол бермеді. Ал жанған үйден 8 газ баллоны шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы 1-Заречная көшесі, 20 мекенжайы бойынша жеке үйде өрт шыққандығы жөнінде хабар «101» қызметіне сағат 9.03 минут кеткенде түскен. Өрт сөндірушілер жеткен кезде тұрғын үйден шыққан жалын жақын маңдағы екі шаруашылық ғимаратына да жайылып үлгерген екен. Сөндіруге 8 арнайы техника мен жеке құрамның 25 маманы жұмылдырылды.

Жеке секторда үйлердің тығыз орналасуы өрт сөндірушілердің жұмысын қиындатты. Сондай-ақ жақын маңдағы үйлерге тарау қаупі жоғары болды.

Өртті сөндіру барысында мамандар үйден 8 газ баллонын шығарып үлгерді.

Сағат 10.05 кеткенде өрт толық сөндірілді. Тұрғын үй мен бір шаруашылық ғимаратына зақым келсе, екіншісі толық жанып кетті. Бірақ көрші үйлер мен қора-қопсыға жіберілмеді. Өрттің жалпы ауданы 120 шаршы метрді құрады.

Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі мен келген мөлшері жақында анықталмақ.

Жыл басынан бері Петропавл қаласының аумағында 13 өрт болды, келген материалдық шығыны 6 млн теңге. Бір адам қаза тауып, біреуі жарақаттанды.



Фото: Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті

Соңғы жаңалықтар