Петропавлда өрт сөндірушілерге арналған мурал пайда болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда тапсырмаға кетіп, қайтып оралмаған өрт сөндірушілердің құрметіне арналған мурал пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы көп қабатты үйлердің бірінің қабырғасында өрт сөндірушілердің бейнесі бар мурал пайда болды. Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аса үлкен суретті көкшетаулық суретші-дизайнерлер Алдияр Жәкеев пен Мағжан Айтқожев салып шықты.

«Бірнеше сағат бойы биіктікте, желдің өті мен күзгі жауын-шашынның астында тұрып олар Қазақстанның өрт сөндірушілеріне арналған муралды салып шықты. Идеямызды ойдағыдай жүзеге асырды, сурет көңілден шықты. Өрт сөндірушінің батыл жүзі алыстан менмұндалап, Нұрсұлтан Назарбаев көшесіне шыққан әр адамның көзіне бірден түседі», - дейді өртке қарсы қызмет ардагері Ерік Мәжитов.

Бұл жобаның бастамашылары - азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен ардагерлері.

Осы салада 30 жылға жуық еңбек өтілі бар Ерік Мәжитовтің айтуынша, өрт сөндірушілердің құрметіне арналған белгі қалдыру идеясы бұрыннан болған. Жамбыл облысындағы әскери бөлімде болған өрт, бірнеше маманның қаза табуы бұл істі жүзеге асыруға түрткі болған.

«Бізге таңдауға 6 эскиз берілді. Кейін муралды салуға орын іздедік. Бізге бес қабатты ғимараттар берілді, бірақ одан сурет дұрыс көрінбейтін болды. Нәтижесінде таңдау 19 ықшам аудандағы 9 қабатты ғимаратқа түсті. Орналасқан жері ыңғайлы, әрі қасында мешіт пен шіркеу бар», - дейді Ерік Мәжитов.

Муралдың төменгі жағына QR-коды бар тақтайша орнату жоспарланған. Ол арқылы смартфон иелері ҚР төтенше жағдайлар министрлігі туралы, тарихы мен ведомство жұмысы жайында біле алады.


Соңғы жаңалықтар