Петропавлда өрт сөндірушілер бір отбасыны аман алып қалды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда өрт сөндірушілер бір отбасыны өрттен құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, сәуірдің 24-і күні Петропавлда бес қабатты үйде өрт шыққан. Шақырту бойынша жеткен өрт сөндірушілер соңғы қабаттағы балкондардың бірінен көмек сұраған ер адамды, әйелді және кішкентай баланы көреді. Автобаспалдақты шығаруға аула тар және көліктер тұрғандықтан құтқарушылар пәтерге көтеріліп, отбасыны арнайы киіммен алып шыққан.

«Біз пәтерге келгенде есік ашық екен, ал есіктің жиектеріне түтін кірмеуі үшін сулы шүберек тастапты. Үйден Виктор мен Натальяны ертіп және олардың 6 жасар ұлы Коляны көтеріп алып шықтық. Қобалжыды әрине, бірақ өздерін жақсы ұстады», - дейді құтқарушы Аслан Есенғалиев.

Мамандардың айтуынша, өрт 5 қабатты үйдің үшінші қабатындағы электрқалқаннан шыққан. Ол жоғары өрлеп, 4-ші қабаттағы электрқалқанға да зақым келді.

«Өрт сөндірушілерді дер кезінде шақырған. Сәл кешіккенде жалын пәтерлерді шарпитын еді. Полицейлер де тез арада жетіп, қауіпті аймақты қоршады. Тұрғындарды қауіпсіз жерге шығаруға көмектесті», - дейді мамандар.

ТЖД мамандары көпқабатты үйден 25 адамды эвакуациялады, оның ішінде 3 бала бар. Тағы бір айта кететін жайт - тұрғындар есік алдына өз бетімен шлагбаум қойған. Бұл құтқарушылардың жұмысына кедергі жасады. Оны қопарып алып тастағаннан кейін ғана оқиға орнына жету мүмкін болды.

Соңғы жаңалықтар