Петропавлда «Ónege» аймақтық форумы өтті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында отбасы құндылықтарын насихаттап, ерлі-зайыптыларға қолдау көрсету мақсатында «Ónege» аймақтық форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ónege» жобасы еліміздің 9 облысында маусым айынан бері қолға алынған. Жоба аясында Петропавл қаласында отбасыларды әлеуметтік қолдау орталығы ашылды. Мұнда ажырасқысы келетін ерлі-зайыптылар психолог, нейропсихолог және реабилитолог секілді мамандардың көмегіне жүгіне алады.

Пилоттық жобаның қолға алынуына еліміз бойынша ажырасу көрсеткішінің артуы себеп. Мәселен СҚО-да жыл басынан 2 609 обасы құрылған. Алайда осы аралықта 1,5 мыңнан астамы ажырасуға өтініш берген. Бұл туралы Петропавлда өткен «Өнеге» аймақтық форумында айтылды. Кездесудің мақсаты – қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек беру, қоғамдағы өзекті мәселеге назар аударту, отбасы құндылықтарын насихаттау. Жалпы, 5 айда атқарылған жұмыстарды қорытындылау.

«Орталыққа көмек сұрап келеді. Негізгі мәселе отбасындағы ер-зайыптылардың біреуінің ішімдікке жақын болуы. Салдарынан шаңырақтың берекесі кетеді, үйдегі ұрыс та, жанжал да осыдан шығады. Арты ажырасу. Ал бұдан қатты зардап шегетіндер – балалар. Біздің психологтар балалармен де көп жұмыс істейді», - дейді өңірлік отбасын қолдау қызметінің жетекшісі Татьяна Ковалева.

Орталыққа көмек сұрап келген ерлі-зайыптыларға мамандар ақыл-кеңес береді. Мамандардың пікірінше, отбасын сақтап қалуға болады, ол үшін қарапайым ережелерді есте ұстау қажет. Жалпы айырылысатындардың басым бөлігі үйленгендеріне бір жыл толмаған жас отбасылар екен.

«Екі жас сүйіп қосылғаннан кейін бір-бірін тыңдай білуі керек. «Мен» деген сөзді ұмытып, не нәрсені болсын бірлесіп шешуге тырысу қажет. Себебі, ерлі-зайыптылар өз дегенімен жүретін болса, соңы жақсылыққа апармайды. Егер, отбасында қиындық туындаса оны екеуі бірдей көтеруі тиіс. Міне, бізде ажырасып жатқан жас отбасыларда осы мәселелер кездеседі», - дейді психолог Ирина Якимова.

Жоба облыста жүзеге асырыла бастағалы 800-ден астам адамды қамтыған. Орталық мамандары жоғары оқу орындарына, мектептер мен колледждерге шығып, шеберлік сабақтары, тренингтер мен жеке кездесулер өткізді.

Соңғы жаңалықтар