Петропавлда нұротандықтар студенттер жатақханаларының жағдайымен танысты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда «Nur Otan» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы «Qutty meken» партиялық жобасы аясында студент жастардың әлеуметтік тұрмыстық жағдайына мониторинг жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясы СҚОФ баспасөз қызметінің мәліметінше, арнайы мониторингтік топтың өкілдері Kozybayev University-дің 2 жатақханасын аралады. Бүгінде мұнда 180-ге жуық адам тұрып жатыр. Олардың барлығы – қашықтан оқуға техникалық мүмкіндіктері жоқ басқа қалалардан келген студенттер. ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұсынымдарына сәйкес әр бөлмеде 2 адамнан аспауы тиіс.

«Мониторингтік топ мүшелері жатақханаларда тұру жағдайымен танысты, жатын бөлмелердің, оқу залдарының, кір жуу орындарының, ас үйлердің, санитариялық тораптардың жай-күйін көрді. Қазір жатақханаға қабылдау университеттің ресми сайты арқылы электронды түрде жүзеге асырылады. Бұл - бюрократиялық кідірістер мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін толығымен жояды», - деп атап өтті «Nur Otan» партиясының «Болашақ» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Александр Зель.

Мониторинг барысында партиялықтар студенттердің карантинге байланысты санитариялық-гигиеналық нормаларды сақтау жұмыстарымен танысты. Жатақхананың әр қабатында санитайзерлер орнатылған, сырқаттанған жастарға арналған оқшаулағыш бар.

Интернет байланысының сапасы мен инфрақұрылымның қолжетімділігі де назардан тыс қалмады. Барлық жатақханалар ішкі және сыртқы бейнебақылаумен, өрт сөндіргіштермен жабдықталған.

«Мониторинг барысында заңбұзушылықтар анықталған жоқ. Біз студенттермен сөйлестік, олардан шағымдар түскен жоқ, сөздеріне қарағанда тұруға қолайлы жағдай жасалған», - дейді Александр Зель.

Айта кетейік, университетте call-орталық жұмыс істейді. Мұнда студенттердің оқу-білім беру қызметтеріне қатысты ұсыныс-өтініштері қабылданады.


Соңғы жаңалықтар