Петропавлда Ноғайбай бидің 185 жылдығына орай тарихи драма сахналанды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда Ноғайбай Батырбекұлының 185 жылдық мерейтойына орай «Ноғайбай» атты тарихи драма спектаклінің премьерасы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ноғайбай Батырбекұлы 1834-1917 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданында өмір сүрген. Тарихшылардың мәліметінше, ол - болыс, би болған. Болыстық қызметі орыс шаруаларының қазақ жеріне көшіп келіп жатқан аласапыран уақытқа тұспа-тұс келіп, Ноғайбай жергілікті халыққа пана бола білген.

Салт-дәстүрді, дала заңын толық меңгерген, турашылдығымен танылып, халық арасында беделі артқан, әрі сөздің парқын білетін шешен Ноғайбай Батырбекұлын өңірдің ақсақалдары би сайлайды. Ел дауын, жер дауын халық пайдасына шешіп, әділетті би бола білді.

Ноғайбай Батырбекұлының өмірі мен қызметі жөніндегі құнды құжаттар Санкт-Петербор, Омбы қалаларында, сонымен қатар Алматы қаласындағы орталық архивтерде сақталған екен. «Ноғайбай» туындысының жазылуына да осы деректер негіз болған. Пьесаның авторы - Мәдениет қайраткері Болат Мамытбеков. Спектакльдің режиссері - С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорысыйлығының лауреаты, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Фархад Молдағали.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында жүзеге асты. Мақсат - даңқты бабаның елге сіңірген еңбегін көрсету, насихаттау, таныту.

2000 жылдары СҚО Мағжан Жұмабаев ауданындағы ауылдық округке Ноғайбай бидің аты берілді. Бүгінгі күні тұлғаның жолын жалғастырып жүрген ұрпақтары бар. Ноғайбай Батырбекұлының мазары Қазақстанның жалпыұлттық киелі жерлеріне енгізілген.

Соңғы жаңалықтар