Петропавлда нашақор әкесінің көлігін айдап әкетіп, сатпақ болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл полицейлері жыл басынан автокөлік ұрлығына қатысты 33 деректі тіркеп, 32-сін ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, көп жағдайда Петропавлда автокөлікті жеңіл олжа, яғни сатып пайда табу үшін емес, уақытша міну үшін айдап әкетеді екен. Алайда наурыз айында болған оқиғаның оған қатысы жоқ. Петропавл қаласының есірткіге тәуелді 28 жастағы тұрғыны әкесінің «ВАЗ-2114» көлігін рұқсатсыз мініп кеткен. Машинаны қосалқы бөлшек ретінде сатпақ болыпты, бірақ тез арада сатып алушы табылмаған. Іс екі жақтың мәмілеге келуімен тоқтатылды.

«Бұл жерде күдікті мен жәбірленуші туыстар. Жалпы көп жағдайда көлікті айдап әкетуші мен зардап шегуші таныс болып келеді. Осындай қылмыстарды байланыстыратын тағы бір жағдай – олардың бірге отырып ішімдік ішуі. Көз алдында жатқан машина кілті, мастықпен ойлауға мұрша бермей, біреудің көлігін рұқсатсыз мініп кетуге әкеледі», - дейді Петропавл қалалық Полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы Ерболат Қаптаев.

Кездейсоқ көлік айдап кетушілер де негізінен бұл заңсыз әрекетке мастықпен барады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, кейде таныстың көлігін арам ойсыз ескертпестен мініп кетудің салдарынан автомашинаға іздеу жариялаған кездер болыпты.

«Түнде қараңғы, бейнекамера орнатылмаған жерде қалдырылған көлік бірінші кезекте ұрланады. Дабылқаққыш жұмыс істесе де көлік иесі ит-мысық не болмаса құстан шығар деп мән бермейді. Ақылы тұраққа қоюға мүмкіндік болмаса, дабылқаққыш орнатып, ұрлаудан қорғайтын қосымша құрылғыларды орнатқан жөн. Егер көлікте GPS-навигатор болса түнгі уақытқа оны сөндірмеген дұрыс. Ал күндіз машинадан бірер минутқа шықсаңыз да есіктің дұрыс жабылғанын байқаңыз», - деп кеңес береді Ерболат Қаптаев.

Соңғы жаңалықтар