Петропавлда мыңнан астам адам маскүнем ретінде полиция есебінде тұр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл 500-ге жуық қылмыс мастықпен жасалған, олар негізінен ұрлық, бұзақылық және денсаулыққа қасақана зиян келтіру, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Операция аясында есепке алынған маскүнемдермен жұмыс жүргізіледі. Өйткені, көп жағдайда бұзақылық, төбелес, автокөлік апаттары, оқыс оқиғалар спирттік ішімдік ішу салдарынан болады екен. Маскүнемдерден олардың жақындары да зардап шегеді. Сондықтан учаскелік полиция қызметкерлері оларды үнемі назарда ұстайды.

СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының мәліметінше, жыл басынан өңірде мас күйде жасалған 495 қылмыс тіркелді. Олар негізінен – ұрлық, бұзақылық және денсаулыққа қасақана зиян келтіру. Мас күйінде қоғамдық орынға шыққаны үшін 8931 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мас жүргізушілердің кінәсінен облыс жолдарында 16 жол-көлік оқиғасы болып, соның салдарынан 5 адам қаза тауып, 22 адам жарақат алды.

Мас күйдегі қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Петропавл қаласы полиция басқармасының қызметкерлері маскүнем ретінде есепте тұрғандардың кезекті партиясын емдеу үшін Благовещенка ауылындағы мәжбүрлеп емдеудің наркологиялық ұйымына жіберді. Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдулиннің айтуынша, жыл басынан қалалық полицейлер мәжбүрлеп емдеуге 50-ден астам адамды жіберген. Қазіргі уақытта жалпы алғанда, қалалық полицияда «ішімдікке салынғандар» санаты бойынша 1126 адам есепте тұр.


Соңғы жаңалықтар