Петропавлда мүлік иелері бірлестіктері құрылып жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Елімізде 2022 жылғы 1 шілдеден кейін пәтер иелері кооперативтері (ПИК) жұмысын тоқтатады. Оның орнына мүлік иелерінің бірлестіктері (МИБ) құрылады. Жаңа басқару органының артықшылығы жайында бүгін Петропавл қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерлан Қайырбеков брифингте айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

МИБ – бұл коммерциялық емес түрдегі заңды тұлға. Оны көпқабатты бір тұрғын үйдің пәтер иелері құрады. Бұдан басқа тұрғындар жай серіктестік (ЖС) құра алады. Олар азаматтық шарт негізінде үйді бірлесіп басқарып, күтіп ұстай алады. Жүйе тұрғындар қаражатының ашық жұмсалуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ оларға басқару тәсілін таңдау құқығын беру үшін енгізілген.

«Қазіргі уақытта пәтер иелерінің кооперативтері бір үйге ғана емес, бірнешеуіне қызмет етеді. Олардың бір ғана ортақ шоты бар. Салдарынан пәтер иелері өз ақшаларының қандай мақсатта жұмсалып жатқанын бақылай алмайды. Сондықтан жаңа басқару үлгісінің артықшылығы көп болмақ. Ең басты айырмашылығы – әр көпқабатты үйдің өз есепшоты болады. Жиналған қаражат тек сол үйдің мұқтажына жұмсалады. Ақшаның мақсатты ұсталуын әр тұрғын және жергілікті билік бақылай алады. Қазірдің өзінде Петропавлда мүлік иелерінің бірлестіктері құрылып жатыр», - дейді Петропавл қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерлан Қайырбеков.

МИБ төрағасы тұрғындар арасынан бір жылға сайланады. ПИК-те бұрын әр үйдің өз аула сыпырушылары, электриктері, бухгалтерлері болса, енді тек төраға ғана болады. Ол үйге қажетті қызметтерге тапсырыс береді. Ол шарт бойынша сервистік қызмет субъектілерін: аула сыпырушыларды, электрикті тартады. Олардың ақысын өзінің кондоминиум объектісі бойынша бақылайды.

«Әр үйдің ортақ мүлкін басқаруға және күтіп-ұстауға арналған пайдалану шығыстарын есептеудің бекітілген әдістемесі, яғни жыл ішінде орындалуы қажет жұмыстардың қажетті тізбесі болады. Осы жұмыстар тізіміне сәйкес осы үйді басқару және күтіп ұстау шығындарының жылдық сметасы жасалады. Қала әкімінің өкімімен кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін басқаруға және күтіп-ұстауға арналған шығыстар сметасының ең аз есебін құру бойынша жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы жергілікті өкілді органда бекіту үшін жоба әзірлейді», - дейді Ерлан Қайырбеков.

Жай серіктестікті құру үшін үй тұрғындарының 100 % келісімі қажет. Олардың әрқайсысы сенімхат беріп, бірлескен қызмет туралы келісімге қол қоюы керек.

«Үй тұрғындары пәтер иелері берген сенімхат негізінде әрекет ететін сенімді тұлғаны таңдай алады. Сенім білдірілген адам бір жыл мерзімге сайланады. ЖС-ны әділет органдарында тіркеу қажет емес, алайда жергілікті атқарушы органдарда есепке тұруы қажет», - дейді бөлім басшысы.

Бүгінде Петропавлда 1090 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде 624-інде басқару формасы бар. 328 үйде жауапты адамдар болса, 138 көпқабатты үй «иесіз» болып есептеледі.


Соңғы жаңалықтар