Петропавлда мереке күндері полицияға тұрғындар 1621 рет телефон шалған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда полиция департаменті жаңажылдық кезекшілікті және патрульдеу жұмыстарын қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мереке күндері өңірде 500-ден астам полиция қызметкері тәулік бойы қоғамдық тәртіпті қадағалап, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Жаңа жыл түнінде Петропавлда 210 полиция офицері мен сержанты, оның ішінде 75 әскери қызметші құқықтық тәртіптің сақталуын бақылады. 31 желтоқсанда «102» жедел арнасы арқылы 565 хабарлама қабылданды, оның 77-сіне жедел әрекет ету қажет болды.

Қаңтардың 1-і мен 4-і аралығында бір тәулікте екі ауысыммен қоғамдық тәртіпті сақтауға 15 автопатруль тартылды. Осы күндері «102» арнасына 1621 хабарлама келіп түскен. Бейнебақылау камераларының көмегімен 76 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Жаңа жылдың алғашқы төрт күнінде облыс жолдарында 2 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 3 адам жарақат алды.

Петропавл қалалық полиция басқармасы жедел басқару орталығы бастығының орынбасары Қанат Қасеновтың айтуынша, мереке күндері тыныш өтті. Ауыр қылмыстар мен ірі жол-көлік оқиғалары тіркелмеген. Полицияға көп жағдайда отбасындағы жанжалға қатысты хабарласқан.

Желтоқсанның 15-сі мен 30-ы аралығында СҚО-да «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Лицензиясы жоқ пиротехниканы сатқандарға 18 хаттама толтырылды.


Соңғы жаңалықтар