Петропавлда мемлекет меншігіне өткен «Қалыңдық үйі» күрделі жөндеуден өтеді
2022 жылғы 17 қаңтар 13:48

Петропавлда мемлекет меншігіне өткен «Қалыңдық үйі» күрделі жөндеуден өтеді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы «Көпес Янгуразовтың үйі» немесе халық арасында «Қалыңдық үйі» аталып кеткен бірегей сәулет ескерткіші мемлекет меншігіне қайтарылып, енді құжаттары жөнге келісімен күрделі жөндеу жұмыстары басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы «Көпес Янгузаровтың үйі» былтыр қараша айында мемлекет меншігіне өтті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстық филиалы балансында тұрған көне ғимаратты жергілікті билік сатып алды.

Мұнда тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы орналаспақ.

2013 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында нысанды қайта қалпына келтіруге республика қазынасынан 60 млн астам теңге жұмсалды. Бұл қаражатқа шатыры ауыстырылып, үйдің қасбеті, іші жөнге келтірілді.

Алайда республикалық маңызы бар ескерткіштердің қатарына енген ғимараттың бүгінгі жағдайы көңіл көншітпейді.

«Халық «Қалыңдық үйі» атап кеткен нысанның өз тарихы мен бірегей архитектуралық келбеті бар. Ғимарат ерекше салынған, модерн стилінде тұрғызылған. Бізге жеткен мәлімет бойынша италиялық сәулетшінің қатысуымен салынған. Көне ғимараттың қабырғалары биік, емен есіктері мен үлкен терезелері сақталған. Иран плиткалары орнында тұр. Қазір құжаттары дұрысталғасын ғимараттық қасбетін, ішін, қабырғаларын, шатырын, ең бастысы кәріз жүйесін қалпына келтіру жоспарда бар. Осы жылы бұл жұмыстарды атқарамыз деп отырмыз», - дейді тарихи-мәдени мұраны қорғау бойынша бөлімнің меңгерушісі Жанат Баймүсенов.

«Қалыңдық үйі» туралы ел арасында аңыз көп.

Соның бірі - жергілікті көпес Халит Янгуразов Санкт-Петербургте іссапармен жүріп өтіп, бір бойжеткенге ғашық болады. Ол сұлуға сезімін білдіріп, үйленбек ниетін жеткізеді.

Байдың шолжаң өскен ерке қызы Петропавлда әкесінікіндей үй салса ғана саудагерге күйеуге шығатынын айтады.

Янгуразов қыздың талабын орындау үшін Италиядан арнайы сәулетші алдырып, әсем ғимаратты салғызады.

Аңыздардың бірінде Халиттің үйлену тойынан үш күн бұрын қайтыс болғандығы айтылса, енді бірінде оқиға сәтті аяқталып, ерлі-зайыптылар ұзақ және бақытты өмір сүрген екен.

Тағы бір нұсқасында саудагер үйді салу үшін бар жиған-тергенін жұмсап, қалған ғұмырын кедейлікте өткізгендігі айтылады.

Ғимарат толығымен ағаштан салынғанымен сыртынан тастан қаланған сияқты көрінеді. Кеңес заманында көпестің үйі Петропавл әкімшілігіне берілді.

Бұл ғимаратта Сәбит Мұқанов та еңбек еткен.

1960-шы жылдардан бастап облыстық қаржы бөлімі кейін тағы бірқатар мемлекеттік мекемелер орналасты, бір жылдары мұнда медресе де ашылды.

1982 жылдан бастап нысан сәулет өнерінің ескерткіші қатарына енгізілген.


Jańalyqtar

MURAǴAT