Петропавлда мектепке балта-пышақ әкелген 9-сынып оқушысын қарусыздандырған екі жасөспірім марапатталды

None
Фото: СҚО Қорғаныс істері департаментінің баспасөз қызметі
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы № 4 мектепте бірнеше баланы жарақаттаған 9-сынып оқушысынан қолындағы балта-пышағын тартып алған екі жасөспірім бүгін ҚР Қорғаныс министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлға ҚР Қорғаныс министрлігінен ақпараттық-насихаттау тобы келіп, «Жаңа Қазақстанның тірегі - Айбынды жастар» патриоттық акциясын өткізіп жатыр. Мақсат - Қарулы Күштердің және әскери қызметтің беделін арттыру, сондай-ақ жастарды Отан алдындағы борышын орындауға шақыру және әскери-патриоттық тәрбие беру.

Салтанатты іс-шара барысында ерлік көрсеткен екі жасөспірім - № 4 мектептің оқушылары Нұрислам Сандыбай және Алдияр Нұртаев марапатқа ие болды. Оларға Қорғаныс министрлігінің Алғыс хаты берілді.

«Сыныптың қасында балалармен сөйлесіп тұрдық. Бір кезде қасымыздан 10 сынып оқушысы жүгіріп өтті. Оның артынан бетіне маска киген бала ұмтылды да, бір кезде кілт тоқтады. Бұрылып, қасында тұрған қызды ұра бастады. Біз ең алдымен мұны әзіл шығар деп ойладық. Бірақ, қыз отырып жылай бастады. Мен оған көмек керек екенін бірден түсініп, қол жұмсаған балаға қарай жүгіріп, арт жағынан ұстай алдым. Мен ұстап тұрғанда көмекке Алдияр келіп, оның қолынан балтаны жұлып алды», - дейді марапатталғандардың бірі Нұрислам Сандыбай.

15 жасар бала 9 б сынып оқушысы. Мектеп бітірісімен машина жасау ісінің инженері мамандығын таңдамақ. 4 жыл каратемен, 2 жыл дзюдомен, волейболмен айналысқан Нұрислам әскерге барып, азаматтық борышын өтеуге де қарсы емес.

«Ер балаларға, жігіттерге айтарым, басқаларға көмек керек болып жатса, қарап тұрмаңыздар. Біз басқаларға қамқор болуға міндеттіміз. Ал бүгін бізді елеп-ескеріп жатқандарға алғыс айтамын.

Мен өзімді батырмын деп есептемеймін, бірақ жақсы іс істедім деп ойлаймын. Ата-анам мені мақтан тұтады», - дейді Нұрислам.

Естеріңізге салайық, оқыс оқиға 13 ақпан күні Петропавлдағы № 4 мектепте болған еді. Осы оқу ордасының 9-сынып оқушысы сөмкесіне тығып, өзімен бірге ас үйде қолданылатын балта мен пышақты ала келіп, 3 оқушыны жарақаттады.


Соңғы жаңалықтар