Петропавлда мектеп оқушысы жігіттермен интернетте бойжеткен болып танысып, ақша тапқан

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 16 жастағы бозбала интернетте жалған парақша ашып, жігіттерді ақшаға алдап келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдың бірқатар тұрғыны интернет-алаяқтық туралы арыздарымен полицияға жүгінді. Жәбірленушілердің дені жастар. Олар «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде сұлу бойжеткенмен танысқандарын айтқан. Бірер рет хат алмасқаннан кейін «виртуалды таныс» қарызға ақша сұраған, алайда оны қайтаруды ойламаған. Шығын сомасы 13 мың теңгеден бастап 316 мың теңгеге дейін жетеді.

Петропавл қалалық полиция басқармасы криминалдық полиция қызметкерлері парақшаның жалған екенін анықтады. Жедел уәкілдер күдіктіні тапты, ол Петропавлдың 16 жастағы мектеп оқушысы болып шықты. Парақшадағы есімді жасөспірім кездейсоқ таңдап, тартымды бойжеткеннің фотосын интернеттен алып орналастырған.

Күдікті бала ата-анасының кепілдігімен босатылды. Аталған фактілер «Алаяқтық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Бүгінгі таңда істе 4 эпизод бар, полицейлер жәбірленушілердің санын нақтылап жатыр.

«Интернет желісінде ақшамен байланысты сұрақтар туындаған кезде, сақ болуды сұраймыз. Киберқылмыскерлер адамдардың интернет желісіндегі парақшаларының көшірмесін айнытпай жасап, олардың таныстарынан белгілі бір себептерді сылтау етіп, ақша сұраған деректер де кездеседі. Сондай-ақ, интернетте тауарлар сатып алу кезінде алдын ала төлем жасауға келіспеңіздер. Бұдан бөлек, ешкімге ешқашан жеке деректеріңізді: банк карталарының нөмірлері мен парольдарын, картаның екінші жағында жазылған cvv-кодтарды, sms арқылы келетін бір реттік кодтарды айтпаңыздар», - дейді криминалдық полиция бөлімінің бастығы Дархан Зияфиддин.


Соңғы жаңалықтар