Петропавлда мектеп оқушысы халықаралық жастар байқауының жүлдегері атанды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 10 «А» сынып оқушысы Айсана Құсайынова халықаралық «Горизонт-2100»*22 ғылыми, ғылыми-практикалық және ғылыми-фантастикалық жұмыстар байқауының жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айсана Құсайынова Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы. Ол халықаралық байқауға өзінің ғылыми-фантастикалық жұмысын эссе түрінде ұсынған. Жастардың арасында ұйымдастырылған конкурс оқушының қызығушылығын тудырды. Өйткені Айсана үшін ғылыми фантастика сүйіп оқитын жанр. Өзі де қазір қиял-ғажайыпқа толы оқиғалар жайында қалам тербеп жүр. Сол себепті бірден сайтта тіркеліп, қатысуға өтініш жолдаған.

«Мен бұл байқау жайында әлеуметтік желіде біліп, қатысуға бел будым. Негізі эссені пандемия кезінде жазған едім. Өйткені коронавирус бүкіл әлемде үлкен проблемаға айналды. Мен аталған мәселені барша адамзатқа жеткізіп, бұндай жағдайларда бірліктің қаншалықты маңызды екенін көрсеткім келді», - дейді Айсана Құсайынова.

Оқушы эссесін дәрігердің күнделік жазбасы түрінде ұсынды. Онда маманның науқастарымен жалғыз қалған күндерінен үзінділер жазылған. Сондай-ақ, сырқаттардың көбеюіне байланысты медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігінен олардың ауыр жұмысы сипатталады. Шығарма желісі бойынша нәтижесінде бірнеше елдің 9 дәрігері бірлесіп, вакцина ойлап тауып, вирусты жеңіп шыққан. Айсананың эссесі барлық тексерістерден сәтті өтіп, ол «Жарқын старт» номинациясы бойынша жүлдегер атанды.

Айта кетейік, «Горизонт-2100» ғылыми, ғылыми-практикалық және ғылыми-фантастикалық жұмыстардың халықаралық жастар байқауы 2019 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақытта іс-шараға әлемнің 55 елінен 16 мен 26 жас аралығындағы мыңнан астам жас қатысқан. 2022 жылы конкурсқа 400-ден астам жұмыс жолданған, оның ішінде 10-ы - қазақстандықтардың жұмысы.

Айсана мен тағы екі отандасымыз жүлдегер атанды. Енді олар ақпан айында Мәскеуде өтетін «Әлем 2100: жаһандық трендтер және болашақ жастардың көзімен» халықаралық жастар форумына барады.


Фото: Петропавл қаласы NIS баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар