Петропавлда мектеп құрылысына кедергі келтірген коттедж өртеніп кетті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда бірер айдан бері мектеп құрылысына кедергі болып тұрған екі қабатты салынып бітпеген үй өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы Алтынсарин 71 мекенжайындағы құрылысы бітпеген үйдің жанып жатқандығы жөнінде хабар таңғы сағат 5.55-те түскен. Оқиға орнына өрт сөндірушілер келгенше коттедж де, оған жақын орналасқан шаруашылық нысандары да отқа оранып үлгеріпті.

Жалынды ауыздықтауға 4 арнайы техника мен 21 адам жұмылдырылды. Өрт сағат 7.45-те толығымен сөндірілді. Мамандардың айтуынша, 285 шаршы метр аумақ өртеніп, үйдің шатыры және шаруашылық нысандары толық жанып кетті.

Баспанаға электр қуаты жалғанбаған. Өрт шыққан кезде үйде ешкім болмаған. Қазір оқиға орнында өрт-сынақ зертханасының маманы және СҚО Полиция департаментінің жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.

Бұл баспана Петропавл қаласында салынып жатқан 900 орындық мектептің құрылысын бірер айдан бері тежеп келген болатын. 200 шаршы метрлік коттедж толық салынып бітпеген. Иелері оның екінші қабатында тұрып жатқан. Қалалық әкімдік оларға жалпы аумағы 120 шаршы метрлік екі пәтер ұсынғанымен, баспана иелері бұл шешіммен келіспеген болатын. Іс сотқа дейін жетіп, қараша айында берілуі тиіс мектептің құрылысы уақытша тоқтатылды.

Соңғы жаңалықтар