Петропавлда мектеп-балабақшалардың қауіпсіздік жүйесі күшейтіліп жатыр

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл әкімі Руслан Аңбаев қала тұрғындарымен кездесу барысында мектеп-балабақшалардың қауіпсіздігі үшін қандай шаралар қолға алынғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл әкімі Руслан Аңбаевтың айтуынша, ақпан айында №4 орта мектепте болған оқиғадан кейін білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік күшейтіліп жатыр.

Қазіргі уақытта барлық мектеп-балабақшада бейнебақылау бар, облыс орталығындағы 38 мектеп пен 36 балабақша полицияның жедел басқару орталығына қосылған.

«Бұдан басқа «дабыл түймесі», өрт бола қалған жағдайда автоматты түрде хабарландыратын жүйе қойылды. 23 мектепте турникет істеп тұр.

Биыл тағы 7 мектепке турникет орнатуға 53 млн теңге бөлдік. Қол металл детекторлары алынып жатыр. Қазір ол 23 мектепте бар. Ал Петропавлдың 35 мектебіне тәулік бойы мамандандырылған күзет қызметін енгізуге 158 млн теңге, балабақшаларға 61,6 млн теңге жұмсалады», - деді Петропавл әкімі.

Жалпы биыл Петропавлдың білім саласының бюджеті - 25,6 млрд теңге.

Бұған дейін облыс орталығында 21 млрд теңгеге заманауи 4 мектептің құрылысы жүргізілетінін айтқан едік. Білім ордасы «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында салынбақ.

Ал жаңа оқу жылынан бастап өңірде бастауыш сынып оқушылары үшін түскі ас тегін болады. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров Петропавл мен барлық аудандардың оқушылары тегін тамақтанатынын жеткізді.


Соңғы жаңалықтар