Петропавлда медициналық қызмет көлігі Volkswagen-мен соқтығысты
2020 жылғы 20 қараша 20:52

Петропавлда медициналық қызмет көлігі Volkswagen-мен соқтығысты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда қалалық емхананың жүргізушісі бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кетпек болып екінші көлікпен соқтығысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 19 қараша күні сағат 15.30 шамасында Петропавлдағы Жамбыл-Ғ.Мүсірепов көшелерінің қиылысында болған.

Қаладағы емхананың жүргізушісі ВАЗ-21310 қызметтік автомашинасының дабыл шамын қосып, бағдаршамның тыйым салған белгісіне өтпекші болған. Осылайша Volkswagen Passat-пен соқтығысқан. Апат салдарынан екі көлікке де зақым келді.

Volkswagen-нің 20 жастағы жолаушысы облыстық ауруханаға жеткізілді, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ол үйіне жіберілді. ВАЗ-21310 көлігінің 51 жастағы жүргізушісі, сондай-ақ Volkswagen-нің 23 жастағы жүргізушісі медициналық тексеруге жіберілді. Екі жүргізуші де жол апаты кезінде ішімдік ішпеген.

Аталған факті бойынша материал жиналды. Процессуалдық шешім қабылдау және одан әрі мамандандырылған әкімшілік сотқа жолдау үшін Петропавл қаласы полиция басқармасының әкімшілік полиция бөліміне жіберілді.

Айта кетерлігі, жыл басынан облыс жолдарында 159 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 206 адам жарақат алды. 30 адам мерт болды.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT