Петропавлда мамандар үш сағат бойы өртпен алысып жатыр: 9 үй жанып кетті

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда өрт сөндірушілер қатты желдің салдарынан «Береке» ықшамауданындағы өртті ауыздықтай алмай жатыр. Қазіргі уақытта жанып кеткен үйлердің саны 9-ға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысының және Петропавл қаласының әкімдері, төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы оқиға орнында. Штаб құрылды.

«Сағат 19.00 шамасында «Береке» шағын ауданында қамыс өртеніп жатқаны жайында хабар түсті. Екпіні 15-20 м/с жететін қатты желдің салдарынан әрі күн ыстық болғандықтан өрт өте тығыз орналасқан жеке тұрғын үй секторына тез жайылды. Сол уақытта Петропавлда төрт жерден өрт шығып, біздің жұмысты қиындата түсті. Онда да қураған шөп жанды. Қазіргі уақытта жағдай тұрақтанды, бірақ толық ауыздықталған жоқ. Өйткені жел басылмай тұр. Әзірге шығын мөлшері туралы айтуға ерте. Осы уақытта 7 тұрғын үй және екі, біздің болжам бойынша, бос тұрған үй жанып кетті. Зардап шеккен адам бар. Қала тұрғыны қалалық ауруханаға қаралды. Өртті сөндіріп жатырмыз», - деді СҚО ТЖД бастығы Рамиль Камалов.

Бұған дейін Петропавлдағы 5-Сенная көшесінде қамыс өртеніп, жалынның жеке тұрғын үйлерге жайылғанын айтқан едік. Салдарынан 4 үй түгі қалмай жанып кетті.


Соңғы жаңалықтар