Петропавлда «Лексуспен» екі адамды қағып кеткен жүргізуші сотталды
2019 жылғы 20 ақпан 20:55

Петропавлда «Лексуспен» екі адамды қағып кеткен жүргізуші сотталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавл қалалық соты түнгі клубтардың бірінің жанында екі бойжеткенді қағып кеткен «Лексус» автокөлігінің жүргізушісіне қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қаласының тұрғыны, 28 жастағы Илья Старухин «Көлiк құралын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» және «Жол-көлік оқиғасы болған жерді қалдырып кету» баптары бойынша айыпталды.

«Сот Старухин Илья Вячеславовичті ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабы, 3- тармағы және 347-бабы бойынша кінәлі деп тауып, ҚР ҚК 345-бабы бойынша 4 жылға бас бостандығынан айыру және 5 жылға дейін көлік құралын басқару құқығынан айыру, 347-бап бойынша 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 3 жылға дейін көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасын кесті», - деді үкімді оқыған судья Әсем Жаналина.

Нәтижесінде жазаның қатаң түрі қалдырылды, И.Старухин алдағы 4 жылын қылмыстық-атқару жүйесінің төмен деңгейдегі қауіпсіздік мекемесінде өткізетін болады. Сондай-ақ ол 5 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылды.

«Үкім заңды күшіне енгенше дейін Старухинге бұлтартпау шарасы қамауда ұстау түрінде өзгеріссіз қалдырылсын. Жазалау мерзімі 2019 жылдың 20-ақпанынан бастап есептелсін. 2018 жылдың 14 қарашасынан бастап 2019 жылдың 20-ақпанына дейін алдын ала қамауда отырған күндері белгіленген жазаны өтеу мерзімінен алынып тасталсын», - делінген үкімде.

Сондай-ақ зардап шегушілер Ксения Овсянникованың екі әпкесінің талап-тілектерін сот ішінара қанағаттандырды. И.Старухин олардың әрқасысына 2 млн теңге көлемінде моральдық шығын төлеуге міндеттелді.

Естеріңізде болса, оқиға былтыр қыркүйекте таңғы төрт жарымдар кезінде түнгі клубтың жанында болған еді. «Лексус» автокөлігінің жүргізушісі екі бойжеткенді қағып кетіп, олардың біреуі бірнеше күннен кейін есін жимастан көз жұмды. Кейін жүргізушінің оқиға орнынан ізін суытып, елден кетіп қалғаны хабарланды.

Старухинге қатысты сот өткен жылдың 28 желтоқсанында басталды.

Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT