Петропавлда латын графикасын үйрететін тегін курстар ашылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру бойынша ауқымды ақпараттық жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпаратына сүйенсек, бұл бағыттағы жұмыстар Петропавлда латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін үйрететін орталықты ашудан басталған.

«Курстарда біз латын жазуын тегін үйретеміз. Олар С. Мұқанов атындағы облыстық кітапханада аптасына екі рет болады. Кітапханада латын жазуымен жазылған 100-ден астам материал, Жамбылдың 1938 жылы жарық көрген өлеңдер жинағы сақтаулы», - дейді тілдерді дамыту басқармасының басшысы Кемел Оспанов.

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруді түсіндіру жөніндегі өңірлік жұмыс тобы жасақталып, оның құрамына М. Қозыбаев атындағы СҚМУ профессорлары, тіл білімі ғалымдары кірді.

 «Біз түрліше семинарлар өткіземіз. Атап айтқанда, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-да Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл - Қазына» Республикалық тілдерді дамыту ғылыми-практикалық орталығының бөлім бастығы Айдос Әбдіхалықовтың, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуәлидің қатысуымен «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшірудегі емленің негізгі ережелерінің жобасы» тақырыбында семинар өткіздік. «Латын графикасына көшу-мемлекеттік тілдің тірегі» атты латынмен жазылған тарихи құжаттар көрмесін ұйымдастырдық, студенттер арасында шығарма жазудан жарыс өткіздік», - дейді К. Оспанов.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасы өкілдерінің айтуынша, өңірде латын жазуына көшу бойынша республикалық семинарларды, кездесулерді, дөңгелек үстелдерді қосқанда, жалпы 500-ден астам шара өткізілген.

«Латын графикасына көшу - қоғамдық сананы жаңғыртудың бір негізі», - дейді К.Оспанов.


Автор: Олеся Жуковень

Соңғы жаңалықтар