Петропавлда «Қызылжар барысы» анықталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда қазақ күресінен «Қызылжар Барысы - 2019» облыстық турнирдің ақтық ойыны өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы А.Винокуров атындағы спорт сарайында өткен «Қызылжар Барысы - 2019» облыстық турниріне биыл 30 балуан қатысты. Олар - қалалық, аудандық жарыстардың жеңімпаздары.

СҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, турнирге 18 жастан асқан және 90 келі салмақтан жоғары балуандар қатыстырылды. Ең ересек спортшының жасы елуден асқан.

«Облыста ұлттық спорт түрлері дамып келеді. Қазір 8 мыңдай адам айналысады. Оның 2,5 мыңнан астамы қазақ күресін таңдаған. Былтыр облыс әкімінің мұрындық болуымен «Қызылжар арландары» клубы құрылды. Оның нәтижесін қазірдің өзінде көріп жатырмыз. 2-3 күн бұрын біздің команда Алматыда қазақ күресінен өткен ҚР кубогінен қола жүлдемен оралды»,- дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының жетекшісі Руслан Есеналин.

Ойын қызықты, әрі тартысты өтті. Нәтижесінде, «Қызылжар Барысы - 2018» чемпионы Мұхит Тұрсынов биыл жеңімпаз атағын сақтап қала алды. 32 жастағы Мұхит - қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы, «Қазақстан Барысы - 2014» турнирінің жеңімпазы. Кәсіби балуанға 500 мың теңгенің сертификаты мен чемпионның алтын белбеуін облыс әкімі Құмар Ақсақалов табыс етті.

Екінші орын мен 300 мың теңге - Ернар Бегайдаровқа, үшінші орын мен 200 мың теңгенің сертификаты Алтынбек Аусағитовке бұйырды. Сондай-ақ ең мықты деп танылған 2 жеңімпаз Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық «Қазақстан барысы» турниріне жолдама алады.

Соңғы жаңалықтар