Петропавлда құжатсыз көлік айдап, полициядан қашқан жас жігіт видеоға түсіп қалды

None
Видеодан алынған кадр
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 26 жастағы жігіт жүргізуші куәлігінсіз рульге отырып, кейін артынан қуған полицейлерден қашып құтылмақ болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін әлеуметтік желіде полициядан қашып, көшемен жүйткіген көліктің бейнежазбасы тарады.

Куәгерлердің айтуынша, оқиға Петропавлдағы Волочаевский көшесінде сағат 10.00 шамасында болған.

Осы оқиғаға қатысты Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті түсінік берді.

«19 мамыр күні Петропавл қалалық полиция басқармасы патрульді полиция батальоны автопатруль қызметкерлерінің назарын Audi A6 автокөлігі аударған. Көлік жүргізушісі көшеде машина терезесін ашып, музыканы қатты қойған. Тәртіп сақшылары оның құжаттарын тексермек мақсатта тоқтатпақ болады, алайда, көлік жүргізушісі заңды талапқа бағынбай, жеке секторда қашып құтылмақ болған. Ол Кошуков-Халтурин қиылысында ұсталды. Рульде жүргізуші куәлігі жоқ 26 жастағы қала тұрғыны болды», - делінген хабарламада.

Осы дерек бойынша заң бұзушыға «Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.

СҚО полицейлері 15 мамырдан бастап өңірде республикалық «Назар аударыңыз, балалар!» және облыстық «Мас жүргізуші» жедел-алдын алу шарасы өтіп жатқанын еске салады.


Соңғы жаңалықтар