Петропавлда құтқарушылар су басу қаупі бар аудандарды аралады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері су басу қаупі бар үйлерді күнделікті аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олар жадынамалар таратып, төтенше жағдайға дайын болу қажеттігін ескертуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы су қоймасының деңгейі алдағы күндері шамамен 1,1 метрге дейін көтерілуі мүмкін деп болжанып отыр. Мамандардың айтуынша, қатерлі межеден асатындықтан Заречный кентіне баратын жолды су басуы мүмкін. Кент аумағы 65 га алып жатыр, 2 мыңға жақын тұрғыны бар. Осыдан 2-3 жыл бұрынғы тасқын суда мұндағы 60-қа жуық тұрғын үй мен аула су астында қалған еді.

«Бұл іс-шараларды су басу қаупі бар аймақтарда жүргізіп жатырмыз. Тұрғындарды ескертіп, су басқан жағдайда өздерін қалай ұстау керектігі туралы түсіндірудеміз. Жадынамаларда біздің анықтама телефон нөмірлеріміз көрсетілген. Біздің департаментте 18 наурыздан бастап арнайы штаб жұмыс істеп жатыр», - дейді Петропавл қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бас инженері Тұрлыбек Ғабдуллин.

«Қазгидрометтің» облыстық филиалы мамандарының мәліметінше, Сергеев су қоймасының су деңгейі 932 см, су мөлшері - 856 млн м³ (сыйымдылығы 693 млн м3). Тәулігіне 822 м³/с су жіберіліп жатыр. Су қоймасы арқылы судың жиектен асып ағуы кеше 126 см болса, бүгін 132 см құрады. Петропавл су қоймасындағы су деңгейі кешегі деңгейде - 709 см.

Петропавл қаласы бойынша тасқын сумен күреске қазір 16 қайық, 41 су сору техникасы мен 100-ден астам адам сақадай сай тұр.

Иллюстрациялық фото: yandex.by

Соңғы жаңалықтар