Петропавлда құтқарушылар майысқан көлікті кесіп, жас жігітті алып шықты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда жол-көлік апаты болып, зардап шегушіні алып шығу үшін қатты майысқан көлікті кесуге тура келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 31 қазан күні түнгі сағат 3.00 шамасында Петропавлдағы Қизатов көшесінде екі көлік соқтығысып, «Мерседес» машинасындағы 23 жастағы жігіт ауыр дене жарақатын алды.

Жүргізушіні майысқан көліктен алып шығу үшін мамандар деблокация әдісін қолданды. Яғни зардап шегушіге шыны сынықтары немесе металл кесектері түспеуі үшін оны көрпемен жауып, машинаны кесті. Тек 40 минуттан кейін ғана жігітті көліктен алып шықты.

«Бізге келгенше дәрігерлер зардап шегушіге система қойыпты, ол ауырсынғаннан айқайлап жатты. Сол аяғы майысқан көлікте қысылып қалыпты. Жігітке көмектесу үшін қолда бар арнайы кескіштерді, домкраттарды қолдандық. Әріптестерім тез, әрі абайлап алып шығуға тырысты. Өйткені жігіт ауыр жарақат алған екен», - дейді құтқарушылардың бірі Нұрболат Айсин.

Бірнеше сынық алған жігіт жедел жәрдеммен бірден ауруханаға жеткізілді. «Бүгінде жағдайы қалыпты», - дейді мамандар.

Соңғы жаңалықтар