Петропавлда құбыр желісінде апат болып, тұрғындар сусыз қалды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда су құбыры зақымданып, қаланы желіден ажыратуға тура келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы Интернационал көшесін әп-сәтте су басты. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалардан судың қатты ағысын көруге болады. Тұрғындар қаланың әр ауданында судың тоқтатылғанын айтып жатыр.

«Қызылжар су» ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, Жұмабаев-Абай көшелеріндегі учаскеде диаметрі 800 мм су құбыры зақымданған. Қазіргі уақытта осы апат болған учаскеде суды сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Қалаға баратын судың қысымын уақытша төмендетуге тура келді. Бір сағаттан кейін ол қалпына келтіріледі. Бірақ, су құбыры зақымданған учаскедегі 10 көп қабатты үйге су тек бір тәуліктен кейін ғана, апаттың салдары жойылғаннан соң берілмек», - деді кәсіпорынның баспасөз хатшысы Индира Қалиева.

Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты М. Жұмабаев көшесіндегі № 101, 105, 107, 111, 116 үйлерде, Абай көшесіндегі № 25 үйде, Интернационал көшесіндегі № 29, 30, 31, 33 үйлерде, Е. Букетов көшесіндегі № 14, 16, 18 және Н. Назарбаев көшесіндегі № 126 үйде су беру уақытша тоқтатылды.

Бұл мекенжайда тұратын тұрғындарға су кезекпен жеткізіліп жатыр.

Ал жалпы, Петропавл қаласында сумен қамтуды қалпына келтіру жұмыстары жоспар бойынша 7 қараша күні сағат 18:00-ге дейін аяқталмақ.


Соңғы жаңалықтар