Петропавлда Қозыбаев оқулары өтті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда белгілі қазақ ғалымы, тарихшы, қоғам қайраткері Манаш Қозыбаевтың туғанына 90 жыл толуына орай «Қозыбаев оқулары-2021: білім мен ғылымды дамытудағы жаңа тәсілдер мен заманауи көзқарастар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы Солтүстік Қазақстан университеті 2003 жылдан бастап академик Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың есімімен аталады. Ал Қозыбаев оқуларын өткізу игі дәстүрге айналған. Биыл конференцияға онлайн түрде Қазақстан, Франция, Литва және ТМД елдерінің ғалымдары қатысты, 370-тен астам баяндама келіп түсті.



Іс-шара Манаш Қозыбаевтың мүсініне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Ғалымның әріптестері, шәкірттері, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы осылайша құрмет көрсетті.

Пленарлық отырыста СҚО әкімінің атынан конференцияға қатысушыларға оның орынбасары Ғани Нығыметов құттықтады. Сонымен қатар, конференцияда Мемлекет және қоғам қайраткерлері, еліміздің ірі жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми және мәдени орталықтардың басшылары сөз сөйледі. Олар академик Қозыбаевтың зерттеулері, оның азаматтық ұстанымы жаңа мемлекеттіліктің қалыптасуында маңызды рөл атқарғанын, оның елдің көрнекті ғалымдарының қатарына екендігін айтты.


Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед Манаш Қозыбаевтың әлемдік тарих ғылымындағы ерекше маңызы туралы өз сөзінде атап өтті.

Kozybayev University Басқарма Төрағасы-ректоры Ерлан Шулановтың айтуынша, Манаш Қозыбаевтың өмір жолы - Қазақстан ғылымына ұзақ, адал қызмет етудің үлгісі. Ол дарынды ғалымдарды - шамамен 90 ғылым кандидаты мен докторларды дайындады.

Іс-шара барысында академик М.Қозыбаевтың 90 жылдығына орай жарық көрген «Историк в меняющемся мире. Тарихшы және оның заманы» құжаттар мен материалдардың жинағы, сондай-ақ «Академик Манаш Қозыбаев және Тәуелсіздік белестері» атты ғылыми еңбектер мен естеліктер жинағы таныстырылды.


Көрнекті ғалымдар «Тәуелсіздік және ұлттық тарихи код», «Манаш Қозыбаевтың еңбектеріндегі Отан тарихының өзекті мәселелері», «Академик Манаш Қозыбаевтың тұлғалық феномені», «Ғылымдағы инновациялар: Қазақстан мен Литваның салыстырмалы талдауы» сияқты және тағы басқа баяндамалар ұсынды.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің Манаш Қозыбаевтың өмірі мен қызметіне арналған көрмесі ұйымдастырылды.


Соңғы жаңалықтар