Петропавлда көшеден табылған 2 жасар баланың туыстары іздестіріліп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда полицейлер мен волонтерлер көшеден табылған шамамен 2 жасар баланың туған-туыстарын іздестіріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат кешкі 20.00 шамасында Петропавлдағы Жұмысшы кентінің көшесінде жалғыз жүрген сәбиді тұрғындардың бірі байқап қалады.

Әке-шешесі жақын маңнан көрінбегендіктен екілердегі ер баланы патрульді полиция батальонының қызметкерлеріне тапсырады.

Ювеналды полиция қызметкерлері баланы киіндіріп, тамақтандырды. Қазір сәби облыстық балалар ауруханасында.

Полицейлер мен волонтерлер оның туған-туыстарын іздестіріп жатыр.

«Баланың туған-туыстары жайында қандай да бір мәліметі бар тұрғындарды 39-48-65 нөміріне немесе «102-ге» хабарласуды сұраймыз. Кәмелет жасына толмаған баланың заңды өкілдері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес балаға қамқорлық жасауды, білім, тәрбие беруді, оның құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асырады. Өз міндеттеріне дұрыс қарамағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады, тіпті ата-ана құқығынан да айырылулары мүмкін», - дейді Петропавл қалалық ювеналдық полиция бөлімінің бастығы Эльмира Абушева.


Соңғы жаңалықтар