Петропавлда Көрпеfest фестиваліне Ресейден қандастар келді

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда тігіншілердің басын біріктірген «Көрпеfest – 2022» халықаралық фестивалі басталды. Іс-шара аясында екі күн тегін шеберлік сағаттары өтіп, үшінші күні қорытындысы ретінде қолдан тігілген бұйымдардың жәрмеңкесі ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көрпеfest – 2022» халықаралық фестивалі «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қызылжар өңірінде алғаш ұйымдастырылып отыр. Тегін өтетін іс-шара негізінен көп балалы аналарды, мүмкіндігі шектеулі жандарды қамтыған және жалпы тігіншілікті меңгеріп, өз ісін ашсам деген жандарға арналған.

«Бұл қазақ әйелдерінің, қыз-келіншектердің ерекше күтетін фестивалі, бүгін Солтүстік Қазақстан облысына жетті. Бұл іс-шараға бүлдіршін қыздардан бастап, апа-әжелерімізге дейін, басқа ұлттар да қатысып жатыр. Ресейдің Түмен, Омбы облыстарынан қандастар келді. Араларында қолдарына мүлдем ине ұстамағандары да бар. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы соңғы Жолдауында халықтың табысын, әл-ауқатын көтеруді міндеттеді. Қыздар осы жерде үйренгендерін әрі қарай жалғастырып, өз шаңырақтарында отбасымен кәсібін аша алады. Осы жерде топты жарып шыққан қыздарға әлеуметтік желідегі парақшамда жарнамасын жасап, бүкіл республикаға танытқым келеді.

Жалпы қолөнерге табыс көзі емес – ғасырлар бойы қалыптасқан, көшпенділердің, ата-бабамыздың рухани тәжірибесі. Бұл кәсіпті үйренген қыздың санасы, болмысы, тұрған тұрысы, киімі, тіпті сөйлеген сөзіне дейін өзгереді. Әрі кетсе бір аптаның ішінде біздің қыздарымыздың етегі ұзарып, сөйлеген сөздері дұрысталып, сондай бір үйлесім табады. Қыздың намысы – ұлттың намысы ғой. Кез келген қоғамның жалауы – ана. Сондықтан да ең бірінші қойылған мақсат – қазақ әйелінің болмысын жаңғырту», - дейді жоба авторы, этнодизайнер, «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасының төрайымы Ырза Тұрсынзада.

Шеберлік сағатын өткізген шеберлердің арасында 8 жасар Жаннұр Дүйсен де бар. 5 жасынан қолына ине-жіп алған елордалық бүлдіршін қазір тіккен бұйымдарын сатып, айына 120 мың теңге табыс табады екен.

«Маған мынадай допты тігіп шығуға 30 минут уақыт керек. Тігуді анамнан үйрендім. Қазір құрақ құрап, көрпелер де, қыз жасауын да тігемін», - дейді кішкентай шебер.

Жайнагүл Темірханова Петропавл тұрғыны. Ол өз тұтынушылары бар қалыптасқан тігінші. Облыс орталығында білікті мамандардың шеберлік сағаты өтетінін естіп, бұл мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысқан.

«Пандемия басталғанда қолыма ине-жіп алдым. Ең алғашқы көрпемді анама арнап тіктім. Нәтижесін суретке түсіріп, әлеуметтік желіге салып едім, қызығып, тапсырыс бергендер болды. Биыл үшінші жылға аяқ басты, соңғы екі жылда 150-ге жуық дүние тіккен екенмін. Ол – қыз жасауына арналған көрпе-жастықтар, диван жапқыштар, балалар жамылғысы. Білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз. Үнемі шеберлікті жетілдіріп отырған жөн, өйткені мұнда да технология, сән үнемі өзгеріп отырады», - дейді Жайнагүл Темірханова.

Ал петропавлдық дизайнер-модельер Зарина Черняева фестивальге өз шәкіртін ерте келіпті. Юлия Пенигина Даун синдромымен туылған. 26 жастағы бойжеткен екі айдан бері іс тігуді үйреніп жүр.

«Юлия маған екі ай бұрын келді. Іс тігу арқылы қол моторикасын жетілдіреді, ол сөйлеуіне, қимыл-қозғалысына әсер етеді. Нәтижесі бар. Қазір өзі көйлек тіге алады. Бұл жерде біз көрпе тігуді үйренгелі келдік. Киім тіккеннен кейін көп қалдық қалады. Джинсы материалын кәдеге жаратқымыз келеді. Сондай-ақ Юлия екеуіміз көрпе тігіп, Born Nomad жалпыұлттық байқауына қатыспақ ниеттеміз», - дейді Зарина Черняева.

Шеберлік сағаттарын әлеуметтік желі арқылы онлайн тамашалауға да мүмкіндік бар. Ал топты жарып шығып, белсенділік танытқандарға тігін машиналары және бағалы сыйлықтар беріледі. «Көрпеfest – 2022» фестивалін қолдан тігілген ұлттық бұйымдар көрме-жәрмеңкесі қорытындыламақ.


Соңғы жаңалықтар