Петропавлда көпқабатты үйден өрт шығып, бір адам мерт болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 9 қабатты үйдің балкондарының бірінде өрт шығып, пәтер иесі қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстықТөтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы Жуков көшесі, 23-үйде өрт кеше, шамамен сағат 15.00 шамасында шыққан. Тоғыз қабатты үйдің 4-қабатындағы пәтерлердің бірінде балкон өртенген. Кейін ол пәтерге ауысқан.

Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер 45 адамды, соның ішінде 6 баланы қауіпсіз жерге шығарды. Ал пәтер иесі – 80 жастағы әйел мерт болды.

«Өрттің әзірге неден шыққаны белгісіз. Оқиға орнында 7 техника, 28 маман жұмыс істеді. Жалпы, өткен аптада 27 өрт тіркелсе, соның 23-і жеке секторда болған, тұрғын үйден бөлек моншалар, қора-қопсылар жанған. Өрт негізінен бұзылған пештен және электр сымдарының қысқа тұйықталуынан, қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан шыққан», - дейді СҚО ТЖД бастығының міндетін атқарушы Мұрат Қанғожинов.


Ал Тайынша ауданында екі адам өрттен зардап шекті.

«Жеке тұрғын үйлердің бірінің гаражында екі адам көлік жөндеген. Газ қоспасы жанып, өрт бүкіл гаражға тараған. Салдарынан 35 және 40 жастағы екі ер адам жарақат алды. Олардың беттері мен қолдары күйген. Зардап шеккендер аудандық орталық ауруханаға жатқызылды. Ер адамдар 1-2 деңгейлі күйік алған, олардың денелерінің 10% өрт шарпыған», - дейді Мұрат Қанғожинов.

Жалпы жыл басынан СҚО-да өртте 44 адам қаза тапты, оның бесеуі – бала. 18 адам дене жарақатын алды.


Соңғы жаңалықтар