Петропавлда көпірден теміржолға секірмек болған әйел құтқарылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда азаматтық некедегі күйеуінен зәбір көрген әйел көпірден теміржолға секіріп, өлмек болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 6 желтоқсанда түнде болған. Тәртіп сақшылары Жұмысшы кентіндегі көпірден өтіп бара жатып, көпір қоршауынан секіруге оқталған әйелді байқап қалады. Әйелді құтқармақ болған полицейлерге көмекке өтіп бара жатқан қала тұрғыны келген. Олар көпірден темір жолға секіріп өлмек болған әйелді құтқарып қалды.

Өзіне қол салмақ болған Ш.Уәлиханов ауданының 33 жастағы тумасы екен. Ол сол күні бірнеше рет ұрып-соққан азаматтық некедегі күйеуіне шағымданып, полицияға арыз жазған. Келіншектің екі баласы бар, оларды аудандағы туыстарының үйіне қалдырып кетіпті. Үйіне баруға қорыққан. Жұмысшы кентінде тұратын құрбысында қонбақ болған, алайда ол кіргізбей қойған. Барар жері қалмаған келіншек жанынан безіп, көпірден секіріп кетпек болыпты.

«Әйелге психологиялық көмек көрсетілді. Бүгінде ол тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендерге арналған баспанаға орналастырылды. Ал сол түні өтіп кетпей, тәртіп сақшыларына әйелді құтқаруға көмектескен қала тұрғынына алғыс айтамыз», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы Екінші бөлімнің бастығы Руслан Сыздықов.

Қазір әйелдің күйеуі, 36 жастағы Петропавл тұрғынына қатысты полицейлер материал жинап жатыр.

«Учаскелік полиция инспекторы қорғау нұсқамасын берді. Сот-медицина сараптамасы жасалады. Оның қорытындысы бойынша әйелді жәбірлеген ер адам жауапкершілікке тартылады», - дейді қалалық Полиция басқармасы Бірінші бөлімнің жергілікті полиция қызметінің бастығы Анарбек Байғұтдинов.


Соңғы жаңалықтар