Петропавлда көпбалалы мүгедек әйел интернет алаяқтарға алданды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда мүгедек әйел, әрі бес баланың анасы телефон ұтысына қатысамын деп 69 мың теңгесінен айырылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшыларына Петропавлдағы Береке ықшамауданының 41 жастағы тұрғыны жүгінген. Ол интернет алаяқтарға жем болды.

Бес баланың анасы интернеттен IPhone ойнатылатыны туралы хабарландыруды оқып, бағын сынамақ болады. Ол ұтыс жеңімпаздарының қатарында бар екені хабарлама алғаннан кейін сыйлықты күтеді.

Ұйымдастырушылармен хат алмасып, олардан құлағының мүкістігіне байланысты кез келген жаңалықты жазбаша хабарлауды өтінеді. Алайда оның көпбалалы ана екендігі де, мүгедектігі де алаяқтарға тоқтау салмаған.

Бірер күннен кейін «ұйымдастырушылар» хабарласып, шекарадағы жағдайға байланысты пошта шығындарын өтеу қажеттігін жазады. Олар талап еткен соманы жібергеннен кейін де, алаяқтар әйелді тағы да екі рет ақша аударуға итермелеген.

Осылайша, аударылған ақшаның жалпы сомасы 69 мың теңгені құраған. Оның күдігін сейілту үшін алаяқтар курьер жолда келе жатыр деп жалған бейне және фото жіберген.

Соның ішінде ұшақтағы жолаушылардың фотолары да бар.

Қазіргі уақытта аталған факті «Алаяқтық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров ешкімге қандай жағдай болмасын құпия сөзді, банк карталарының, онлайн-банкинг, әлеуметтік желідегі жеке аккаунттың кодтарын бермеуді, мессенджер арқылы жеке құжаттардың фотосын жібермеу керектігін ескертеді. Ал интернет-алаяқтардың құрбанына айналған жағдайда дереу полицияға жүгіну қажет.

Ақерке Дәуренбекқызы


Соңғы жаңалықтар