Петропавлда көп қабатты үйден өрт шығып, екі әйел зардап шекті

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда бес қабатты үйлердің бірінде өрт шығып, иіс тиіп уланған екі әйел ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы Пушкин көшесі, 43 мекенжайда орналасқан бес қабатты тұрғын үйде өрт шықты.

Оқиға орнына өрт сөндіру қызметінің 3 автоцистернасы және 3 арнайы көлігі мен жеке құрамнан 21 адам жетті. Олар бірден іске кірісіп, өрт шыққан ғимараттан тұрғындарды шығарды.

«Өрт үйдің екінші қабатындағы пәтерлердің бірінен шыққан екен. Оның иесі әйел біз келгенде далада жүрді. Нысан түтінге оранғандықтан, тұрғындарды құтқаруға тура келді. Демалу аппараттары мен қабын қолданып 5 адамды алып шықтық. Сондай-ақ тағы 25 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Жергілікті атқарушы органдар оқиға орнына автобустарды алдыртты. Үйден шығарылғандарды қатты аязда тоңып қалмауы үшін бірден осы көліктерге отырғыздық», - дейді Петропавл қалалық № 1 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Болат Жұмажанов.

Өрт толығымен сөндірілді. Өрттің шығу себебі мен келген шығын мөлшері анықталатын болады.

Ал түтінге тұншығып, уланған 48-дегі және 80-дегі екі әйел емдеу мекемесіне жеткізілді. Мамандардың айтуынша, олардың жағдайлары орташа.


Соңғы жаңалықтар