Петропавлда компаниялар мембағдарлама аясындағы үйлерді салып бітіре алмай отыр

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда құрылыспен айналысатын жергілікті компаниялар мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып, дайын тұрған көпқабатты үйлерді тапсыра алмай отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда құрылыс саласында кездесетін мәселелер талқыға түскен өңірлік кеңестің жиыны өткен.

Көтерілген басты проблема - мемлекеттік тапсырыс, оның ішінде бюджеттік көппәтерлі тұрғын үй салуда және оған инженерлік коммуникациялар тартуда бірнеше компания емес, тек біреуі ғана айналысуы қажет. Яғни жоба біртұтас болуы тиіс.

«Біз, жергілікті компаниялар, үйлерді салдық, ал оларда әлі күнге инженерлік желілер мен абаттандыру жоқ, өйткені бұл жұмысты басқа компания атқаруы тиіс. Осыған байланысты біз қазір дайын тұрған нысандарды күзетіп отырмыз. Салдарынан көктем келгенде біз онда қосымша жөндеу жұмыстарын жүргізуіміз керек: қазір қажетті температура режимі болмағандықтан линолеумды ауыстыруға, қабырғаларын қайта сылауға мәжбүр боламыз. Өйткені инженерлік коммуникациялар бойынша жұмыстар басталмаған немесе толық аяқталмаған. Болашақта мұндай жағдай қайталанбас үшін бұл мәселені шешуіміз керек», - дейді өңірлік кеңес мүшесі, «Основание» ЖШС директоры Сергей Тимофеев.

Бұл мәселе жергілікті билікке таныс. Үйлерді тапсыру мерзімі кешіккендіктен олар кезекте тұрғандарды баспанамен қамти алмай отыр.

Жергілікті бюджетке де әсері бар, барлық нысан республикалық бюджеттен қаржыландырылғанымен, уақытында дайын болмағандықтан қазынаға қосымша жүк түседі.

«Бұл бір шаршы метрдің құнын төмендету және мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынған тұрғын үйді арзандату үшін жасалғаны түсінікті, бірақ біз жергілікті бюджеттен қаржы бөліп аяқтауға мәжбүрміз. Инженерлік коммуникацияларды тартуды басқа өңірдің компаниялары конкурста жеңіп алған. Олардың қандай фирма екені және мекен-жайлары бізге белгілі. Бұл компаниялар жұмысты атқарып үлгермей жатыр, біз олармен бірнеше рет келісімшартты бұзуға тырыстық. Қазір олар түзетім жасағаннан кейін біз олармен келісімшартты бұзып басқа конкурс жариялаймыз. Үйдің құрылысы мен оның коммуникациясын бір компания атқаруы тиіс, болашақта бұл мәселеге жол бермеуге тырысамыз», - дейді Петропавл әкімі Руслан Аңбаев.

Қала басшысының ақпараты бойынша, Петропавлда үш компания бюджеттік үйлерге коммуникация тартумен айналысады.

Оның барлығы өздеріне жүктелген міндетті орындай алмай отыр.

Қазіргі уақытта осы жобаларды аяқтауға жергілікті бюджеттен шамамен 5 млрд теңге бөлінді.

«Ақпан айының соңында біз есеп айырысып, бұл үйлерді Отбасы банкі арқылы сатуға қоямыз. Сәуір айынан бастап дайын үйлерге кірі бастайды. Бірақ абаттандыру мәселесі әлі де шешілген жоқ», - дейді қала әкімі.


Соңғы жаңалықтар