Петропавлда коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшті

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда еріген қар суы Жұмысшы кентіндегі бес тұрғын үйге кіріп, тұрғындарды әбігерге салып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл тұрғыны Людмила Луценконың айтуынша, оның баспанасына су кеше сағат 16.00 шамасында кірген. Алдымен пеш жағатын бөлмені су басқан, кейін бір сағат ішінде ол қалған бөлмелерді де басқан.

«Су кіре бастағасын-ақ арнайы қызметтерге телефон шала бастадық. «Күтіңдер, көлік келіп сорады» деді. Содан әлі күтіп отырмыз. Екінші күн болды пеш жағылған жоқ, өйткені суда тұр. Шай қойып, тамақ пісіруге электр құрылғыларын қосуға қорқамыз», - дейді Людмила.

Отбасы бұл үйде екінші жыл тұрып жатыр, былтыр үйге су кірмеген.

«Әкімдіктегілер «аулалардағы қарларыңды көшеге шығарыңдар, көлік келіп алып кетеді» деді. Біз қыс бойы көшеге шығардық, бірақ бір рет те техника келмеді. Енді соның салдарын тартып отырмыз. Арық, суағарлар қатып жатқандықтан судың бәрі үйге кіріп жатыр. Көршілерімдегі жағдай да осы. Келген шығынды маған енді кім өтейді?», - дейді қала тұрғыны.

Петропавл қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасованың айтуынша, 25 наурыздан бастап iKOMEK диспетчерлік орталығына 300-ге жуық қоңырау түсті. Хабарласқандар көшедегі, ауладағы, жол жиегіндегі суды сорғызуды сұраған.

«Бес тұрғын үйге су кірді. Су кірген үйлерге келетін болсақ, олар осыдан 50-60 жыл бұрын салынған. Едені жермен бірдей, кейбірі тіпті, кіріп кеткен.

Олардың барлығы Жұмысшы кентіндегі Париж коммунасы, 8 март, Суворов және Лермонтов көшелерінде орналасқан.

Бұған дейін арнайы кесте жасалып, сол бойынша жеке сектордағы көшелерден қар шығарыла бастады. Бірінші кезекте су басу қаупі жоғары шағын аудандарда бұл жұмыс атқарылды. Бірақ 15 наурызда онкүндік нормасын екі есе асырған жауын жауған. Салдарынан техниканы алып, орталық көшелерді ашуға, тротуарларды тазалауға жіберуге тура келді», - дейді Эльмира Сәдуақасова.

25 наурыздан бастап Петропавлдан 45 мың текше метр су сорылды. Еріген қар суы тәулік бойы сорғызылып жатыр, сондай-ақ, суағарлар, арықтар тазартылып, мұзы ерітілуде. Коммуналдық қызмет бұл режимге 24 наурыздан 25 наурызға қараған түні көшті.

Қазіргі уақытта көшеде 48 техника, 90-нан астам адам жұмыс істеп жатыр.

«Үйлерге су кіруінің тағы бір себебі – наурыз айының басында жауын жауды, кейін аяз ұрып, су өткізетін құбырлар, суағарларды қатырып тастады.

Тағы бір айта кететін жайт, тұрғындардың кейбірі үйдің қасынан өтетін суағарларға қоқыс тастап, бітеп тастаған. Мұны біз күнделікті жұмыс барысында көріп жүрміз. Тіпті, күл төккендер де бар. Бұл – коммуналдық қызметтердің жұмысын бөгеп, қазір қиындық тудыруда», - дейді баспасөз хатшысы.

Маманның айтуынша, Петропавлда төтенше жағдай жарияланбағандықтан, зардап шеккен үйлерге материалдық көмек қарастырылмаған.

Соңғы жаңалықтар