Петропавлда көлікті мас күйде жүргізген шенеунік жұмыстан шығарылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы көлікті мас күйде жүргізгені үшін жұмысынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мемлекеттік қызметшілердің арасында рульге мас күйде отыру фактілері кездеседі. Былтыр осындай екі жағдай тіркелген.

Тайынша ауданы әкімінің орынбасары және жолаушылар көлігі басшысының орынбасарының ісі Әдеп жөніндегі кеңесте қаралып, оларды жұмыстан шығаруға ұсыныс жасалды. Биыл Петропавл қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының ісі кеңестің талқысына түсті.

«Мұндай қылықтар мемлекеттік қызметшіге жат болуы қажет. Шектеулерді сақтамайтындар мемлекеттік қызметтен кетеді. Мұндай істерді қарағанда кеңес мүшелері заңды негізге алады. Сол себепті бұл лауазымды тұлғалар жұмыстарынан шығарылды», - дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Жанат Жұмабаев.

Жалпы былтыр СҚО-да Әдеп жөніндегі кеңес 55 істі қараған. Оның 39-ы профилактикалық сипатта болса, қалғанында шенеуніктердің тәртібі талқыға түскен. Соның 9-ында мемлекеттік қызметшілер әдеп талабын бұзған, 7-еуінде мемлекеттік қызметшінің атына кір келтіретін іс жасаған. Оның екеуі бойынша тәртіптік іс тоқтатылса, қалғанына тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.

«Көпшілігі заң нормаларын білмеуге, формализмге салынуға және мемлекеттік қызметшіге жат қылыққа байланысты. Мысалы былтыр хаттамалық бұйрыққа жүрдім-бардым қараған Аққайың ауданы әкімдігінің 3 қызметкерінің жауапкершілігі талқыға түсті. Ал осы ауданның әкімі Астраханка елді мекенінің тұрғындарымен кездесу барысында теріс қылыққа жол берген», - дейді Жанат Жұмабаев.


Соңғы жаңалықтар