Петропавлда көлік жүргізушісі қала көшелерімен қашып, жол полицейлерін әбігерге салды
2022 жылғы 11 тамыз 18:35

Петропавлда көлік жүргізушісі қала көшелерімен қашып, жол полицейлерін әбігерге салды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда көлік жүргізушісі қарбалас уақытта көлік қозғалысы көп қала көшелерімен қашып, жол полицейлерін әбігерге салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде патрульдік полиция қуған, ақ көлік жүргізушісі қашқан видеоның жазбасы тарады.


Кинодағыдан кем түспейтін қуғын барысында ақ көліктің иесі бірнеше рет жолдың қарсы бағытына шығып кетті, екі жолақты кесіп өтті, көлік ағынына қарсы жүрді. Өзінің ғана емес, басқалардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндірді. Полицейлер де соңынан қалмай, ақыры құқық бұзушыны ұстап тынды.

Өңір полицейлері көпшіліктің қызығушылығын танытқан бейнежазбаға қатысты түсінік берді. Оқиға Петропавлда кеше болған екен.

«10 тамыз күні сағат 18.27 минут кеткенде Партизан-Назарбаев көшелерінің қиылысында полицейлердің назарына артқы бампері жоқ «Toyota Corolla« көлігі түседі. Жағдайды білу үшін тоқтатқан инспектор көлік жүргізушісінен спирттік ішімдіктің шығып тұрғанын байқаған. Ер адам бірден газға басып, жолда жүру ережелерін өрескел бұзып, патрульді полиция экипажынан жасырынбақ болды.

Қуғын барысында 30 жастағы жүргізуші Жамбыл көшесіндегі ғимараттардың бірінің жанында ұсталды. Құқық бұзушыны ұстау кезінде жол қозғалысының басқа қатысушылары және азаматтар зардап шеккен жоқ. Ер адам медициналық куәландырудан өтуден бас тартты. Ал көлігі мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды», - делінген СҚО полиция департаменті баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбаған, жолда жүру ережесін өрескел бұзған көлік жүргізушісіне әкімшілік хаттама толтырылды. Жиналған материал мамандандырылған әкімшілік сотқа жіберілді. ⠀⠀⠀⠀⠀

Соттың шешімі бойынша ер адам 20 күнге әкімшілік қамауға алынды, сондай-ақ 8 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. ⠀⠀⠀⠀⠀




Видеодан алынған кадр

Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT