Петропавлда көлік қаққан 65 жастағы әйел оқиға орнында мерт болды

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда жеңіл көлік жүргізушісі жаяу жүргіншілер жолағында 65-тегі әйелді қағып кетті, зардап шегуші оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 13 маусым күні сағат 12.20 шамасында болған.

Қызылжар ауданының 39 жастағы тұрғыны «Nissan» маркалы автокөлікті басқарып келе жатып, Қожаберген жырау көшесінде жаяу жүргіншілер өткелінде әйелді қағып кетті.

Салдарынан зардап шегуші – 65 жастағы әйел жедел медициналық көмек бригадасы келгенге дейін қайтыс болды.

Аталған факті негізінде ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі бойынша тергеу басталды.

Сотқа дейінгі тергеу аясында полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасының мән-жайы мен себептерін анықтайды.

Бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалды. Жүргізілетін іс-шаралардың нәтижелері бойынша соңғы процессуалдық шешім қабылданбақ.

Естеріңізге салайық, бір күн бұрын, яғни 12 маусым күні сағат 14.30 шамасында Петропавлдың айналма жолында «Toyota Alphard» және «Nissan Patrol» автокөліктері соқтығысқан еді.

Салдарынан «Toyota Alphard» автокөлігінің 71 жастағы жолаушысы қаза тапты, тағы үш жолаушы қаладағы медициналық мекемелерге жеткізілді.

Куә болғандардың айтуынша, жүргізуші жылдамдықты сақтамаған.



Соңғы жаңалықтар