Петропавлда көлік аялдамаға соғылды, балалар зардап шекті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда автокөлік аялдамаға соғылды. Салдарынан алты адам, соның ішінде үш бала зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға жексенбі күні саяжай алабында болды. Облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінде фактіні растады. Сондай-ақ «Toyota krown» жүргізушісі көлік руліне ие бола алмай, алдымен «Ладаға», сонан соң аялдамаға барып соғылғанын мәлім етті.  

«Жол апаты фактісі Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. ҚР Қылмыстық кодексінің «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша қылмыстық істі тергеу аясында бірқатар сараптамалар белгіленді. Жүргізушіге қатысты бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі шешіліп жатыр. Қолданылған шара туралы қосымша хабарланады», - деді баспасөз қызметінің өкілдері.

Зардап шеккендердің үшеуі - балалар. Жеңіл жарақат алған екеуі үйіне жіберілді. Ортан жілігі сынған 8 жастағы бала облыстық балалар ауруханасында жатыр. Оның жағдайы «орташа ауыр» деп бағалануда.

Соңғы жаңалықтар