Петропавлда көктемгі су тасқыны кезінде үй жануарларына арналған эвакопункт ашылмақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда көктемгі су тасқыны кезінде үйлерін су басқан тұрғындар далада қалмауы үшін эвакуациялық пункттер әзірленіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қаласы бойынша 4 негізгі эвакуациялық пункт жұмыс істейді. Соның бірі – Заречный кентіндегі №13 қалалық орта мектепте орналасқан. Бұл жерде бүгінде 50 адамға орын дайын тұр.

«Бізге келуі мүмкін адамдардың тізімі жасалды. Жататын орындар, медициналық пункт, асхана – бәрі дайын. Ана мен балаға арналған бөлме, анықтама столы болады. Қосымша 3 телефон нөмірін алып, орнаттық. Тізімде мүмкіндігі шектеулі 15 адам бар. Олардың жүріп-тұруын жеңілдету үшін пандус қойылды. Жалпы, бізге көмек сұрап келгендердің бәрін қарсы алуға әзірміз. Біздің мектептен ғана он шақты адам күнелікті кезекшілік ететін болады. Күзет қоямыз, психологиялық кабинет жұмыс істейтін болады. Азық-түлік мәселесі де бүгінде толық шешілген», - дейді Петропавл қалалық №13 орта мектептің директоры Абай Қайсин.

Қалған эвакопункттер су басуы мүмкін аумақтарда - Ойқала, Былғары зауыты ықшам аудандардағы 14 және 12-ші орта мектептерде орналасады. Тағы біреуі Жас өркен ықшам ауданындағы 40 орта мектепте әзірленді. Бұған, мамандардың айтуынша, саяжайлардың тұрғындары жеткізілмек. Әрқайсысында 70-ке жуық жатын орын болады.

«15 ақпан мен 15 наурыз аралығында көктемгі су тасқынына байланысты айлық өтіп жатыр. Мақсатымыз – халықты алдын ала ескерту, түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Жалпы біз 189 техниканы әзірледік. Көктемгі су тасқыны уақытында қала бойынша құтқарушылар, полицейлер, жерглікті билік өкілдері - 150 адам жұмыс істейді. Қазір 4 эвакуациялық бекет дайын. Бұдан басқа үй жануарларына арналған тағы бір эвакуациялық бекет Петропавл қаласында ашылады», - дейді Петропавл қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Дмитрий Растихин.

СҚО-да 2017 жылы көктемде ауқымды су тасқыны болды. Сол жылы №13 қалалық орта мектепте орналасқан эвакуациялық пунктті 60 адам пана еткен. Биыл жағдай ушығатын болса, мамандар қосымша тағы жеті эвакуациялық орынды ашуға әзір.


Соңғы жаңалықтар